Демалыс кезінде баланы көзден таса қылып, өз бетінше серуендеуге рұқсат беретін ата-аналар бар. Ересектердің назарынан тыс қалатын балалар суға түсуге, велосипед айдап қуыс-қуысты аралап кетуге әуес келеді. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандары қаладағы №17 жалпы білім беретін мектептің ұйымдастырған «Қауіпсіз жаз» акциясына қатысып, балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. «Қауіпсіз жаз» іс-шарасының мақсаты: балаларды жазғы демалысқа дайындау, оқушылардың жол қозғалысы ережелерін білу сапасын арттыру. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсете білу туралы білімдерін дамытып, экстремалды жағдайда бағдарлау қабілетін ояту.
НАТАЛЬЯ ПОПКОВА – АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ, ТҮРКСІБ АУДАНЫ №17 ЖББ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: «Санаулы күндерден соң оқушылар жазғы демалысқа шығады. Аталмыш шараны өткізудегі мақсатымыз балалардың бойындағы жауапкершілік сезімін және ұжымдық рухты тәрбиелеу. 3 ай демалыста балалар кейде өз еріктерінше демалулары мүмкін. Бүгінгі шарада балалар ата-ананың қарауынсыз қалған жағдайда судың жағасындағы қауіпсіздікті сақтау, тау-тасты аралардағы қауіпсіздіктер, тіпті жол ережелерін сақтауды ескертіп айтып, арнайы келген мамандар тәжірибе түрінде көрсетіп жатыр. Жазғы демалыстарынан кейін балалар білім ошағына аман-есен оралады деген сенімдеміз».