БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
"Қайрат" пен Пафос" ойыны: Ең арзан билет құны 30 мың теңге
arrow_forwardҚазақстанда биыл қыс қандай болады
arrow_forwardҚазақстанда жұмысынан айырылғандарға қандай көмек бар?!
arrow_forwardСОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
"Қайрат" пен Пафос" ойыны: Ең арзан билет құны 30 мың теңге
20-10-2025 Hits:31 Жаңалықтар sitemanager

Алматының Орталық стадионында 21 қазан сағат 21:45-те алматылық "Қайрат" пен "Пафос" командалары арасында матч өтеді. УЕФА Чемпиондар лигасының аясында өтетін ойынға билеттер бір апта бұрын сатылымға шықса да, жартысынан азы сатылған. Билет бағасы 30-250 мың теңге аралығында сатылып жатыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. «Реал Мадрид» командасымен ойында билеттердің бағасы 250 мыңнан 30 мыңға дейін болды. «Пафосқа» қарсы матч алдында да билеттер бағасы осы аралықта қалған. Тек 30 мыңдық және 75 мыңдық сектор мен орындар саны көбейген. Алматы қаласы спорт басқармасының мәліметінше, ойын күні стадион маңындағы көлік қозғалысы айтарлықтай шектеледі. Ал матч уақытында Абай даңғылында, сондай-ақ Байтұрсынов, Сәтбаев және Шевченко көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Одан бөлек жанкүйерлер үшін ойын аяқталғаннан кейін 6 бағыт бойынша 60 қосымша автобус қатынайды: — Орталық стадион — «Алматы Арена» (тақтайша A1, жөнелту — Абай даңғылы, батыс бағыт); — Орталық стадион — Райымбек / Алатау (тақтайша A2, жөнелту — Абай даңғылы, батыс бағыт); — Орталық стадион — Алматы-1 теміржол вокзалы (тақтайша A3, жөнелту — Байтұрсынов көшесі, солтүстік бағыт); — Орталық стадион — «Орбита» шағын ауданы (тақтайша A4, жөнелту — Байтұрсынов көшесі, оңтүстік бағыт); — Орталық стадион — «Жұлдыз» шағын ауданы (тақтайша A5, жөнелту — Абай даңғылы, шығыс бағыт); — Орталық стадион — әуежай (тақтайша A6, жөнелту — Абай даңғылы, шығыс бағыт).
Read moreҚазақстанда биыл қыс қандай болады
17-10-2025 Hits:32 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде биыл қыс мезгілі қандай болады. Казгидромет алдын ала болжамын жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Синоптиктер мәліметінше, қыс мезгілі қоңыржай жылы болады деп күтіледі, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанады. Бірақ кейбір кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ құбылыстарымен, тұмандар, мол жауын-шашынның түсетіні болжанып отыр. Сондай-ақ, қыс мезгілінде қар жамылғысында мұз қабыршығы пайда болуына ықпал ететін «температуралық құбылулар» болжанады. Желтоқсан айында ауа температурасы елдің басым бөлігінде норма шамасында, республиканың солтүстік-батыс жартысында нормадан 1° жоғары; (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Ақмола облысының солтүстік-батысында), Шығыс Қазақстан облысының қиыр солтүстік-шығысында нормадан 1° төмен күтіледі (Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында). Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, орталықта, елдің шығысының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының шығысында, солтүстік аймақтың оңтүстік жартысында және оңтүстік облыстардың қиыр солтүстігінде нормадан аз болады деп болжанады. Қаңтар айында ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың шығысында нормадан 1° төмен болады деп болжанады (Абай, Жетісу облыстарында, Алматы облысының басым бөлігінде, Қарағанды, Павлодар облыстарының шығысында). Жауын шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп күтіледі (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында). Ақпан айында республика бойынша орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2°-қа жоғары болады деп күтіледі. Республиканың бүкіл аумағында жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп болжанады. Алдын ала болжам бойынша наурыз айында температура бүкіл ел бойынша нормадан 1° жоғары болуы ықтимал. Наурыз айында жауын — шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының, Жетісу облысының және Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында), Маңғыстау облысының басым бөлігінде нормадан аз болжанады.
Read moreҚазақстанда жұмысынан айырылғандарға қандай көмек бар?!
16-10-2025 Hits:32 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтып берді. Сөзінше биылдың өзінде жұмысынан айырылғандар 95 млрд теңге әлеуметтік төлем алған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл 285 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алған. Жұмысынан айырылып, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алғандар саны 285,2 мыңға жетті. "240,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 95 млрд теңге болды", - дейді министрлік. Заң аясында жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-і мөлшерінде болады. Ол мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленеді.
Read moreҚазақстанда 45 мыңнан аса азаматтың несие қарызы кешірілді
15-10-2025 Hits:35 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде 45 200 азаматтың банк алдындағы несие қарызы кешірілген. Бұл шамамен 180 миллиард теңге, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды. Мәліметке сүйенсек, азаматтардың қарызы банкроттық бойынша кешірілген. Яғни, заң бойынша, соттан тыс банкроттыққа арыз берушінің атында ешбір мүлік болмауы керек, қарызы көптен төленбеген, төлей алмаған жағдайлар ғана қарастырылады. "Қазіргі таңда 45 200 адам банкрот деп танылды. Олардың қарыз сомасы 180 млрд теңге болатын. Соның барлығы кешірілді деуге болады. Соның ішінде 13 мыңнан астам адам – бес жылдан астам төлем жасай алмаған азаматтар, көптен қарыз болғандар. Қосымша айта кетсек, 2,5 мың азамат – әлеуметтік тіркеуде тұрған, жағдайы қиын жанұялар. Солардың қарызы кешірілді. Осы заң аясында жеке тұлғалардың жалпы сомасы 180 млрд теңге жеке міндеттемелерін шештік. Заң жақсы жұмыс істеп жатыр. Қандай да бір адами факторлар бұған әсер етпейді. Соттан тыс банкроттық процестері автоматтандырылған", – дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкімет үйінде өткен брифингте. Сондай-ақ, вице-министр талап қойып, арыз жазғандардың көбінде жеке автокөлігі мен пәтері барын, әрі ол азаматтар банкрот деп танылмайтынын да айтты. Айта кетейік, елімізде 2023 жылы 3 наурыздан банкроттыққа өтінім қабылдау басталған болатын.
Read moreҚазақстанда жыл басынан бері қанша неке тіркелді
13-10-2025 Hits:39 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде биыл жыл басынан бері бүгінге дейін 88 мың неке тіркелген. Мұндай мәліметті "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Неке саны бойынша Алматы қаласы айқын көш бастап тұр — осы кезеңде мұнда 14 254 жұп некесін ресми түрде қиған. Екінші орында — Астана қаласы, онда 10 142 жұп өмірін бір арнаға тоғыстырған. Үшінші орын Түркістан облысына тиесілі — мұнда 6 687 неке тіркелген. Ал топ-5-ті мына өңірлер түйіндеді: Шымкентте 5 570 неке, Қарағанды облысында 5 394 неке тіркелген. Айта кетейік, Қазақстандықтар арасында этносаралық некелер саны артып келеді. Сондай-ақ некеге мәжбүрлегендер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Read moreҚар және көктайғақ: Синоптиктер алдағы күнге болжам жасады
12-10-2025 Hits:35 Жаңалықтар sitemanager

Еліміздің басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады. Тіпті кей өңірлерде қар жауып, көктайғаққа айналуы мүмкін, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Мұндай болжаммен Казгидромет мамандары бөлісті. Синоптиктер дерегіне сүйенсек, атмосфералық фронталды бөліктер әсерінен республика бойынша құбылмалы ауа райы сақталып, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі. Еліміздің батысында, орталығында, шығысында, оңтүстік-шығысында тұман, еліміздің шығысында, солтүстік-шығысында, орталығында көктайғақ болады. Жамбыл облысының таулы аудандарында 1 градус үсік күтіледі. Бірқатар облыста жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Астана 13 қазанда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Шығыс, солтүстік-шығыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 5-7 аяз, күндіз 3-5 жылы. Алматы 13 қазанда көшпелі бұлт шығып, түнде аздап жаңбыр жауады. Оңтүстік-батыстан секундына 3-8 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 8-10, күндіз 20-22 жылы. Шымкент 13 қазанда көшпелі бұлт, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыстан 8-13 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 9-11, күндіз 21-23 жылы.
Read moreҚазақстандықтар қай елдерге жұмысқа тұруға жиі баратыны белгілі болды
09-10-2025 Hits:45 Жаңалықтар sitemanager

Ел азаматтарының қай мемлекеттерге жұмыс істеу үшін баратыны белгілі болды. Мұндай мәліметпен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев бөлісті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Вице-министрдің айтуынша, қазір шетелге жұмысқа шыққан Қазақстан азаматтарының саны 120 мыңнан асқан. "Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелде 126 мың адам жұмыс істеп жүр. Оның 102 мыңы Ресей Федерациясында, 15 мыңы Оңтүстік Кореяда, 2 мыңға жуығы Ұлыбритания мен Еуропа одағы елдерінде", - деді А. Ертаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан басқа елдермен ресми жұмыспен қамту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы орайда Еуропа елдерімен және Оңтүстік Кореямен келісімдерге қол қою жоспары бар. "Дегенмен, көп елмен мұндай келісімдер жасалмаған. Мәселен, Еуропа одағы елдерімен тиісті құжатты бекітуді жоспарлап отырмыз. Көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында қазақстандықтар жұмысқа орналасу үшін жиі баратын елдерді қамтуға бағытталған шаралар нақты көрсетілген", - деді ол.
Read moreҚазақстанда зейнетақы өседі
08-10-2025 Hits:53 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде келер жылдың басынан бастап зейнетақы өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсеткен, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялады. Ведомствоның болжамынша, зейнетақы мен базалық төлемдер өседі: ең төменгі зейнетақы 62 771 теңгеден 69 049 теңгеге дейін ұлғаяды; базалық зейнетақы - 32 360 теңгеден 35 596 теңгеге дейін; күнкөріс деңгейі 50 851 теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ министрлік келесі жылы Қазақстандағы зейнеткерлердің саны 2,6 миллион адамға жетеді деп болжап отыр. 2028 жылға қарай ең төменгі зейнетақы шамамен 78 мың теңгеге, ал базалық зейнетақы шамамен 40 мың теңгеге жетеді. Орташа айлық жалақы 500 890 теңге болуы мүмкін, бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 19%-ке жоғары.
Read moreҚазақстанда банкоматтан ақша алу тәртібі өзгереді
07-10-2025 Hits:49 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде банкоматтан ақша алу тәртібі өзгеруі мүмкін. Мұндай мәліметті Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Спутниктің жазуынша, адамның бет-әлпеті мен саусақ іздерін тану қызметін енгізу қаралып жатқан көрінеді. Ресми мәліметке сәйкес, биыл банкоматтардан 13,2 трлн теңге алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 трлн-ға артық. Қолма-қол ақшаны көп жағдайда анонимді операцияларды жасау үшін пайдаланады. Ондайда берген және алған адамды анықтау қиын. Ал ақша бөгде адамдардың карталары арқылы жіберіледі. “Біз реттеуші органмен бірге нақты шешімдерді әзірледік. Біріншіден, картаға 500 мың теңгеден астам салған кезде ақшаны жіберуші адамның ЖСН-ін көрсету міндеті енгізіліп отыр. Оған қоса, операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау міндеті пысықталып жатыр. Екіншіден, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардағы видеокамералардың жазбаларын кем дегенде 180 күн сақтауы қажет. Сол арқылы күдікті операциялардың қатысушыларын анықтауға болады”, - деді Бижанов үкіметтің бүгінгі отырысында. Оның айтуынша, банкоматта биометриялық тексеріс - адамның бет-әлпеті мен саусақ іздерін тану қызметін енгізу қаралып жатыр.
Read moreҚазақстанда қанша алма бағы бар?!
06-10-2025 Hits:58 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде алма бағының саны қанша? Жалпы, ол қанша гектар аумақты алып жатыр? Бұл сұраққа ауылшаруашылығы министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. АШМ баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 29 мың гектарға жуық алма бағы бар. Негізінен Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында орналасқан. Тек Алматы және Жетісу облыстарының өзінде алма бақтары 2,4 мың гектардан астам аумақты алып жатыр, мұнда 416 мыңнан артық алма ағашы өсіріледі. "Бау-бақша шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2014 жылдан бастап фермерлер бақ отырғызу мен интенсивті технологияларды енгізуге арналған инвестициялық субсидиялар алады. Соның нәтижесінде алма өндіру көлемі 43%-ға, ал өнімділік 27%-ға артты", — деді Ербол Тасжүреков. Вице-министр қазақстандық бақтың символы саналатын апорт туралы айта келе, оның тек алма сорты емес, елдің мәдени мұрасының бір бөлігі екеніне де тоқталды. "Апортты ұлттық бренд ретінде қайта жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылданып жатыр. Аумағын кеңейту, агротехниканы жетілдіру және бұл сортты халықаралық деңгейде танымал ету жоспарланған. Қазір Сиверс алмасының көшеттерін өсіретін питомник құрылды, көшеттер дайындау мен жаңа бақтар отырғызу жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін 110 гектар апорт бағы отырғызылмақ. Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары селекциялық және агротехникалық бағдарламаларды белсенді дамытып келеді. 85 жылдық селекциялық жұмыс нәтижесінде Қазақстанда шамамен 400 сорт пен будандардан тұратын коллекция қалыптасқан, оның ішінде апорт негізінде шығарылған 29 жаңа сорт бар", — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.
Read moreҚазақстанда қанша педагог жұмыс істейтіні белгілі болды
04-10-2025 Hits:55 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде жұмыс істеп жүрген педагог саны нақтыланды. Мұндай мәліметті Оқу-ағарту министрлігі жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Министрлік баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, бүгінде еліміздің барлық білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның ішінде 400 000-нан астам педагог мектептерде, 42 000-нан астам педагог техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында. Мектепке дейінгі ұйымдарда 102 000-нан астам тәрбиеші жұмыс істейді.
Read moreТарихи матч: "Қайрат" пен "Реал" ойыны аяқталды
30-09-2025 Hits:179 Жаңалықтар sitemanager

Алматылық "Қайрат" футбол клубы Мадридтік "Реалға" қарсы өз алаңында өткізген ойыны аяқталды. Есеп 0:5, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің екінші турында қазақстандық «Қайрат» өз алаңында испаниялық «Реал Мадрид» командасын қабылдады. Алматының Орталық стадионындағы тарихи матч өте тартысты өтті. Алғашқы минуттардан шабуылға шыққан "Қайрат" Хаби Алонсо жаттықтыратын футболшыларға қысым көрсетуге тырысқан. Бірақ ойын көп ұзамай карольдік клуб ығына жығылды. Кездесудің 25-минутында «Қайрат» командасының қақпасына пенальти белгіленіп, он бір метрліктен оныншы нөмірдегі Мбаппе гол соқты. Екінші тайм "Қайрат" үшін өте ауыр болды. Мбаппе тағы 2 гол соғып, хет-трик жасады. Қонақтар мұнымен тоқтап қалмады. Кезекті шабуылдарының бірін Камавинга голға айналдырды. Франциялық ойыншы 83-минутта кездесудегі төртінші голды өз атына жазды. Ал, Браим Дияс ойынның нүктесін қойды. Өкінішке қарай, Орталық стадиондағы 22 788 жанкүйер жиналған ойында алаң иелері 0:5 есебімен қарсылас командаға жол берді.
Read moreҚазақстанда жұмыс істейтін шетел азаматтарының саны белгілі болды
29-09-2025 Hits:68 Жаңалықтар sitemanager

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 15 054 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 561 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 348 рұқсат (екінші санат). Тартылған шетел жұмыс күшін негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады — тиісінше олар 3 980 және 1 052 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 099 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 4 015 адам тартылды. "Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 909 жұмыс беруші бар. Оларда 341 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы. Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында — 4 929 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы — 3 140 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 1 240 адам, өңдеу өнеркәсібі — 1 122 адам", — делінген хабарламада. Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай — 5 545 адам, Өзбекстан — 2 696 адам, Түркия — 1 076 адам, Үндістан — 1 052 адам. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25% немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.
Read moreҚазақстанда күн суытады
28-09-2025 Hits:85 Жаңалықтар sitemanager

Елімізде алдағы күндері күн суытады. Қазгидромет солтүстік аймақтарға суық антициклон келетінін, әрі республиканың оңтүстігіне қарай суықтың ығысуына байланысты елдің басым бөлігінде ауа температурасы төмендейтінін ескертті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. "Қазақстанның солтүстік жартысында ауа райын солтүстік-батыс циклоны анықтайды, жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады, 28–29 қыркүйекте жаңбыр қарға ұласуы мүмкін. Ал еліміздің оңтүстік жартысында оңтүстік циклонмен бірге найзағайлы жаңбыр күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі, түнде және таңертең тұман болжанады", - дейді синоптиктер. Температуралық фон: батыста: түнде +3…+8 °C, күндіз біртіндеп +10…+18-ден +13…+22 °C-қа дейін көтеріледі; оңтүстік-батыста: түнде +10…+15-ден +7…+12 °C-қа дейін төмендейді, күндіз +13…+18-ден +18…+23 °C-қа дейін көтеріледі; солтүстік-батыс және солтүстікте: түнде +3…+13 °C-тан –1…–6 °C-қа дейін төмендейді, күндіз +10…+15 °C-тан +3…+10 °C-қа дейін төмендейді; Павлодар облысы мен орталықта: түнде +5…+15 °C-тан +2…+7 °C-қа дейін төмендейді, күндіз +22…+28 °C-тан +7…+18 °C-қа дейін төмендейді; шығыста: түнде +2…+10 °C-тан +7…+15 °C-қа дейін құбылады, күндіз +25…+30 °C-тан +20…+25 °C-қа дейін төмендейді, өңірдің солтүстігінде +10…+15 °C; оңтүстікте: түнде +9…+18 °C-тан +5…+13 °C-қа дейін төмендейді, күндіз +22…+32 °C-тан +15…+28 °C-қа дейін төмендейді; оңтүстік-шығыста: түнде +10…+15 °C, таулы аудандарда 0…+5 °C, күндіз +23…+30 °C, таулы өңірлерде +15…+20 °C күтіледі. Мәселен, 28 қыркүйекте күндіз Ақмола облысында жауын-шашын жауып, арты қарға ұласады. Жамбыл облысының таулы аудандарында найзағай күтіледі. Ал түнде тұман түседі. Қостанай облысының солтүстік-шығысында жауын-шашын қарға ұласып, түнде облыстың батысында және шығысында 1 градус үсік жүреді. Ұлытау облысының солтүстігінде, Атырау облысының батысында және оңтүстігінде, сондай-ақ, Атырау мен Астанада 28 қыркүйекте түнде және таңертең тұман түседі. Ал Ақтөбе қаласына түнде 2 градус үсік күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, шығысында, күндіз солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында қарға ұласатын жауын-шашын жауса, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында жоғары өрт қаупі сақталады.
Read more"Реал Мадрид" Алматыға баратын футболшылардың тізімін жариялады
28-09-2025 Hits:76 Жаңалықтар sitemanager

Мадридтік “Реал” футбол клубы Алматыға баратын ойыншылардың тізімін жариялады. "Қайрат" пен "Реал" арасындағы матч 30 қыркүйекте Алматының орталық стадионында өтеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. "Реал" футболшыларының тізімі: Қақпашылар: Тибо Куртуа, Андрей Лунин, Хави Наварро; Қорғаушылар: Давид Алаба, Рауль Асенсио, Альваро Каррерас, Фран Гарсия, Дин Хейсен, Давид Хименес; Жартылай қорғаушылар: Джуд Беллингем, Эдуарду Камавинга, Федерико Вальверде, Орельен Чуамени, Арда Гюлер, Дани Себальос; Шабуылдаушылар: Винисиус Жуниор, Килиан Мбаппе, Эндрик, Родриго, Гонсало Гарсия, Браим Диас, Франко Мастантуоно. Айта кетері, "Реал" футболшылары Мадридтен ұшақпен шықты. Олар 8 сағаттан артық уақыт ұшады. Ал 29 қыркүйекке қараған түні Алматы әуежайына қонады.
Read moreАлматыда "Иран кино және өнері түні" мәдени шарасы өтті
2025 жылғы 24 қыркүйекте Ғылым ордасында Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы мен Мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Иран кино және өнері түні» мәдени іс-шарасы өтті. Шараға «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, Иранның Алматыдағы Бас консулы Суна Ахмади, Иран мәдени орталығының басшысы Хоссейн Ағазаде, сондай-ақ Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының, Ұлттық кітапхананың, Орталық музейдің, «Қазақфильм» киностудиясының, Дипломатиялық клубтың, Философия институтының өкілдері, студенттер мен ұстаздар қатысты. Кеш барысында ирандық режиссердің «Ағаш құшағында» фильмі көрсетіліп, қонақтар иран қолөнерінің бірегей туындыларымен танысты. Сондай-ақ Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. «Ағаш құшағында» (Dar Aghooshe Derakht) — отбасы, махаббат пен адам рухының төзімділігін шынайы бейнелейтін драма. Фильм Кимия мен Фаридтің он екі жылдық некесінің қиын кезеңін және олардың шешімінің екі баланың өміріне әсерін көрсетеді. Туынды отбасылық құндылықтардың нәзіктігі мен беріктігін ашып, көрерменге отбасы бірлігінің маңызы мен жауапкершіліктің мәнін ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Фильм Иран тарапынан 97-ші «Оскар» сыйлығына ұсынылып, халықаралық деңгейде мойындалды. Сондай-ақ Мәскеуде өткен «В кругу семьи» фестивалінде «Үздік фильм» және «Үздік әйел рөлі» марапаттарын жеңіп алды. Бұл драма отбасы құндылығын жоғары бағалайтын қазақстандық көрермен үшін де ерекше әсерлі әрі мағыналы болды. Іс-шара Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, өнер арқылы халықтар арасындағы рухани байланысты арттыруға ықпал етті.
Биыл капитаға салынған инвестиция көлемі 14,3 пайызға өскен
2025 жылғы қаңтар–тамыз айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 11 543,1 млрд теңге болып, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3 % өскен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Инвестицияның басты көзі кәсіпорындардың өз қаражаты – 7 320,3 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 63,4%. Бюджет қаражаты 23% құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42,6% артқан. Банктердің қаржыландыру үлесі – 3,5%. Инвестиция өсімінің ең жоғарғы көрсеткіші Ақмола облысында (49,3%), Актөбе облысында (38,7%), Астана қаласында (35,8%), Жамбыл облысында (32,4%) және Алматы қаласында (26,1%) байқалды. Қаражаттың басым бөлігі ғимараттар мен құрылыстардың салынуына және күрделі жөндеуіне бағытталды – 68,3%. Машиналар, жабдықтар және көлік құралдарын алуға жалпы шығынның 27,2% жұмсалған. Салалар бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның ең көп үлесі өнеркәсіпке (37,3%) тиесілі (оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеру – 15,7%, өңдеу өнеркәсібі – 11%), одан бөлек жылжымайтын мүлік операциялары (19,4%), көлік және қойма (18%), білім беру саласы (7,3%) да айтарлықтай үлеске ие.
Үшінші тұлғалардан алынған «Қайрат» — «Реал Мадрид» билеттері жарамсыз болады
«Қайрат» — «Реал Мадрид» билеттерінің ресми сатылымын жүргізген Ticketon жанкүйерлердің шағымына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Ticketon коммуникациялар директоры Азамат Атагелдінің айтуынша, олар билеттердің әділ әрі ашық сатылуын барынша қамтамасыз етуге тырысты. "Сатылымның шарықтау сәтінде платформада бір мезетте 1 миллионнан астам қолданушы болды. Ал стадионның сыйымдылығы — небәрі 20 мың орын. Бәріне орынның жетпейтіні анық. Әділетті өткізу үшін бар күшімізді салдық. Билет сату барысында әр ЖСН-ға бір ғана билет, бір қолға екіден артық емес деген шектеу қойылды. Бұл шектеу нағыз шынайы жанкүйерді қорғау мақсатында енгізілген еді. Алыпсатарлыққа жол берілмеді", — деді ол. Сондай-ақ ол жанкүйерлер тарапынан «кезек қатып қалды» немесе «жүйе қайта жүктелді» деген шағымдарға жауап берді. "Сатылым сағат 17:00–де қатаң тәртіппен басталды. Жүйе қалыпты жұмыс істеді. Ал ертерек кірген қолданушылардың сессиясы автоматты түрде жаңарып отырды. Бұл ретсіз ажиотаждың алдын алу үшін енгізілген техникалық шара. Билеттердің сатылымы жөнінде ақпарат біздің және «Қайрат» ФК ресми арналарында алдын ала жарияланған", — деп түсіндірді ол. Сондай-ақ Ticketon өкілі жанкүйерлерді абай болуға, күмәнді сайттарға, "қолдан-қолға" сатылады деген ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Айтуынша, ақшадан айырылып, стадионға кіре алмай қалу қаупі бар.
Қазақстанда шекарадан жылдам өту үшін ақылы режим енгізілді
Елімізде шекарадан жылдам өту мүмкіндігі іске қосылды. Бұл режим ақылы түрде болады. Өзгеріс бүгін 23 қыркүйектен қолданысқа енеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Қаржы министрлігі ақылы негізде электронды кезек бойынша мемлекеттік шекара арқылы өткізу ережесіне өзгерістер енгізді. Спутниктің жазуынша, бұл көлік құралдары, тауарлардың және жүктердің иелеріне қатысты. Құжатта шекарадан жылдам өту үшін жеке ақылы режимді енгізе отырып, кезектен тыс және жылдам өткізу тәртібі жазылған. 2023 жылы жарияланған бұйрықта жүк көліктері мен ауыр жүк көлік иелері өткізу пунктінен жедел өту үшін 100 АЕК немесе 393 200 теңге (724,6 доллар) төлейтіні жазылған. Жаңа ережелерде қаржы министрлігі осы бұйрыққа сілтеме жасайды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарына өткізу пункттерінің жанында күту аймақтарын жайластыру міндеті жүктеледі. "Күту аймағы - көлік құралдарын орналастыруға арналған арнайы аймақ. Мұнда өткізу пунктінің тәуліктік өткізу қабілеті негізге алынады. Өткізу пунктіне тікелей жақын орналасқан арнайы жабдықталған алаң", - деп түсіндірді ведомство. Жануарлар, тез бұзылатын және қауіпті жүк тиеген азаматтар кезектен тыс тіркеуден өте алады. Сондай-ақ шет мемлекет үкіметінен дипломатиялық арна арқылы келіп түскен ресми өтініш бойынша гуманитарлық, әскери жүктер мен жүктер де жылдам өтеді. Бұйрық 2025 жылғы 23 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Көлігіне өзі қалаған нөмір тақысы келетіндерге жақсы жаңалық!
Қазақстанда көлігіне өзі қалаған нөмірді таққысы келетіндерге жақсы жаңалық! 1 қаңтардан бастап автокөлікке мемлекеттік нөмір алу кезінде кез келген цифр мен әріпті таңдауға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Бұндай жаңалықпен Ішкі істер министрлігі бөлісті. Жаңашылдық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексінде қарастырылған. Салық кодексіне президент биыл 18 шілдеде қол қойды. Мемлекеттік нөмірді таңдау үшін 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде баж төлеу керек. Ал "әдемі" нөмірге 15 АЕК (65 мың теңге) төлеуге тура келеді. Бірақ жоғары сұраныстағы мемлекеттік нөмірлерге басқа баж қолданылады. Мысалы, ең қымбаттары: барлығы бірдей әріптермен жазылған 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777. Олардың құны 285 АЕК – шамамен 1 230 000 теңге тұрады. Халық бұл қызметті жаңа салық кодексі қолданысқа енгізілгеннен кейін пайдалана алады.
Қазақстанның мемлекеттік борышы биыл 37,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін
Қазақстанның мемлекеттік борышы биыл 37,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Ұлттық экономика министрілігі Қазақстанның 2026-2028 жылдардағы даму болжамын жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. "2026–2028 жылдар аралығында әлеуметтік және инфрақұрылымдық шығыстарды қаржыландыру, сондай-ақ инфляциялық қысымды тежеу қажеттілігімен байланысты мемлекеттік борыштық міндеттемелердің біртіндеп өсуі болжанады. Сонымен қатар, бюджеттік реттеу және салық саясаты саласындағы реформалар қарыздың ұлғаю қарқынын бақылауға мүмкіндік береді, оның серпінін рұқсат етілген макроэкономикалық бағдарлар шегінде сақтайды", — деп жазылған болжамда. Құжатта 2026-2028 жылдарға арналған үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы органдардың борышынан тұратын мемлекеттік борыш параметрлері былай болатыны болжанған: — 2026 жылы 46 трлн 477 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25,3%;— 2027 жылы 52 трлн 520 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25,5%;— 2028 жылы 57 трлн 515 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 25%. Оның ішінде Үкіметтік борыш 2028 жылы 44 трлн 956 млрд теңге, жергілікті әкімдіктердің борышы 12 трлн 559 млрд теңге, квазимемлекеттік сектор борышы 47 трлн 108 млрд теңге болатыны айтылған. Ал елдің жалпы ішкі өнімі 2025 жылы 161 трлн 860,5 млрд теңге, 2026 жылы 183 трлн 788,2 млрд теңге, 2027 жылы 206 трлн 62,3 млрд теңге, 2028 жылы 229 трлн 797,7 млрд теңге болатыны айтылған. Болжамда Brent маркалы мұнайдың бағасы 2026-28 жылдары барреліне 60 доллар болады деген есеп алынған. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Қазақстанның мемлекеттік борышы былтыр 31,8 трлн теңге көлемінде болса, биыл 37,8 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
"Біз азаматтардың құқықтарын қорғаудамыз": Эльвира Азимова Конституциялық соттың рөлі туралы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ұлттық құқықтық жүйенің маңызды элементі болып табылады. Оның қызметі заңдар мен нормативтік-құқықтық актілердің елдің Негізгі заңына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы институттың азаматтар мен қоғам үшін маңызы туралы Сот төрағасы Эльвира Азимова айтты. Оның сөзінше, Конституциялық Соттың басты міндеті – заңдар мен нормативтік актілердің Негізгі заңға сәйкестігін тексеру. "Конституциялық сот – бұл заңға қатысты сот. Ал қарапайым сот – бұл адамдарға қатысты сот", – деп атап өтті Азимова. Жыл сайын 11 мыңнан астам өтініш түседі, алайда шамамен 98%-ы соттың құзыретіне кірмегендіктен түсіндірмемен қайтарылады. Дегенмен, азаматтарға өз мүдделерін қорғау үшін қандай тетіктерді қолдануға болатыны түсіндіріледі. Биыл Қазақстан Негізгі заңның 30 жылдығын атап өтуде. 1995 жылы қабылданған Конституция демократиялық әрі құқықтық мемлекеттің іргетасы болды. "Неге біз, қазақтар, Конституцияны қазақ тілінде Ата заң деп атаймыз? Бұл терең мағына. Ол – басқа барлық актілерге қарағанда ең жоғары заңды күші бар заң", – деп атап өтті төраға. Ол сондай-ақ Конституциялық Сот құқықтық жүйенің маңызды бөлігі екенін, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі болып табылатынын жеткізді. "Біз Конституция рухын, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғаудамыз", – деді Азимова.
Қазақстанда орташа айлық 605 теңгеге дейін өспек
Елімізде орташа жалақы деңгейі 605 мың теңгеге дейін өспек. Мұндай мәліметті Ұлттық экономика министрлігі алға тартты. Әрине, бұл алдағы үш жылға жасалған болжам көрінеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Қазақстанда орташа жалақы 2028 жылға қарай 605 000 теңгеге (1 100 доллар) дейін өседі. Қазіргі уақытта ол 423 000 теңгені (784 АҚШ доллары) құрап отыр, 2026 жылға қарай 501 000 және 2027 жылға қарай 554 000 теңге (1 000 АҚШ доллары) болады. "Нақты жалақының өсімі 2026 жылы 2025 жылмен салыстырғанда 7,6%-ды құрайды деп болжануда. 2026 жылы ол 3,9%-ды құрайды. Ал ең төменгі жалақы 2028 жылға дейін 85 мың теңге (157,50 доллар) деңгейінде сақталады", деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі. Министрлік 2028 жылы халық саны 20,4 миллионнан 20,9 миллионға дейін артады деп болжады.
Ғылым ордасы музейлері ғылыми зерттеудің жаңа алаңына айналуда
2025 жылғы 17 қыркүйекте Ғылым ордасында «Палеонтология, зоологиялық, археологиялық, археографиялық қор жинақтарын пәнаралық-кешенді зерттеу және жаңа материалдармен толықтыру, атрибуциялау, каталогтау: «Ғылым ордасы» музейлері негізінде» атты ғылыми семинар өтті. Іс-шараға Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов, музей меңгерушілері, ғылыми қызметкерлер, реставраторлар, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Зоология институтының өкілдері қатысты. Семинар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің IRN BR28713619 «Палеонтология, зоологиялық, археологиялық, археографиялық қор жинақтарын пәнаралық-кешенді зерттеу және жаңа материалдармен толықтыру, атрибуциялау, каталогтау: «Ғылым ордасы» музейлері негізінде» нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба жетекшісі – PhD, этнограф Бейсеғұлова Айнұр Қыдырғалқызы. Іс-шара барысында биология және зоология саласында жиі қолданылатын терминдердің қазақ тіліндегі баламалары талқыланып, Табиғат музейі мен Археология музейінің қалыптасу тарихы, сондай-ақ ғылыми зертхана негізінде оқу-өндірістік практика ұйымдастыру тәжірибесі сөз болды. Бұдан бөлек, археографиялық коллекциялардың қалыптасу ерекшеліктері, Табиғат музейінің жәдігерлері, археологиялық және археографиялық қорларды қалпына келтіру мен жаңғырту мәселелері қарастырылды. «Қазақ ғылымының қара шаңырағы саналатын Ғылым ордасы бүгінде ғылыми институт ретінде қалыптасып келеді. Бұл жоба – музейлеріміздің ғылыми әлеуетін арттыруға, қор жинақтарын жүйелі зерттеп, жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Біз халықаралық деңгейдегі озық тәжірибе мен заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, музей қызметін дамыту және мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын жалғастырамыз», – деді Ұлар Мұқажанов. Семинар аясында палеонтологиялық, археологиялық және археографиялық жинақтардың көрмесі мен шеберлік сабағы ұйымдастырылып, қатысушылар коллекцияларды сақтау, қалпына келтіру және ғылыми каталог жасау бойынша тәжірибе алмасты.
- 1
- 2
- 3