ЖАҢАЛЫҚТАР
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматының Орталық стадионында 21 қазан сағат 21:45-те алматылық "Қайрат" пен "Пафос" командалары арасында матч өтеді. УЕФА Чемпиондар лигасының аясында өтетін ойынға билеттер бір апта бұрын сатылымға шықса да, жартысынан азы сатылған. Билет бағасы 30-250 мың теңге аралығында сатылып жатыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
«Реал Мадрид» командасымен ойында билеттердің бағасы 250 мыңнан 30 мыңға дейін болды. «Пафосқа» қарсы матч алдында да билеттер бағасы осы аралықта қалған. Тек 30 мыңдық және 75 мыңдық сектор мен орындар саны көбейген.
Алматы қаласы спорт басқармасының мәліметінше, ойын күні стадион маңындағы көлік қозғалысы айтарлықтай шектеледі.
Ал матч уақытында Абай даңғылында, сондай-ақ Байтұрсынов, Сәтбаев және Шевченко көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Одан бөлек жанкүйерлер үшін ойын аяқталғаннан кейін 6 бағыт бойынша 60 қосымша автобус қатынайды:
— Орталық стадион — «Алматы Арена» (тақтайша A1, жөнелту — Абай даңғылы, батыс бағыт);
— Орталық стадион — Райымбек / Алатау (тақтайша A2, жөнелту — Абай даңғылы, батыс бағыт);
— Орталық стадион — Алматы-1 теміржол вокзалы (тақтайша A3, жөнелту — Байтұрсынов көшесі, солтүстік бағыт);
— Орталық стадион — «Орбита» шағын ауданы (тақтайша A4, жөнелту — Байтұрсынов көшесі, оңтүстік бағыт);
— Орталық стадион — «Жұлдыз» шағын ауданы (тақтайша A5, жөнелту — Абай даңғылы, шығыс бағыт);
— Орталық стадион — әуежай (тақтайша A6, жөнелту — Абай даңғылы, шығыс бағыт).
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде биыл қыс мезгілі қандай болады. Казгидромет алдын ала болжамын жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Синоптиктер мәліметінше, қыс мезгілі қоңыржай жылы болады деп күтіледі, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанады.
Бірақ кейбір кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ құбылыстарымен, тұмандар, мол жауын-шашынның түсетіні болжанып отыр. Сондай-ақ, қыс мезгілінде қар жамылғысында мұз қабыршығы пайда болуына ықпал ететін «температуралық құбылулар» болжанады.
Желтоқсан айында ауа температурасы елдің басым бөлігінде норма шамасында, республиканың солтүстік-батыс жартысында нормадан 1° жоғары; (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Ақмола облысының солтүстік-батысында), Шығыс Қазақстан облысының қиыр солтүстік-шығысында нормадан 1° төмен күтіледі (Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында).
Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, орталықта, елдің шығысының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының шығысында, солтүстік аймақтың оңтүстік жартысында және оңтүстік облыстардың қиыр солтүстігінде нормадан аз болады деп болжанады.
Қаңтар айында ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың шығысында нормадан 1° төмен болады деп болжанады (Абай, Жетісу облыстарында, Алматы облысының басым бөлігінде, Қарағанды, Павлодар облыстарының шығысында).
Жауын шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп күтіледі (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында).
Ақпан айында республика бойынша орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2°-қа жоғары болады деп күтіледі. Республиканың бүкіл аумағында жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп болжанады.
Алдын ала болжам бойынша наурыз айында температура бүкіл ел бойынша нормадан 1° жоғары болуы ықтимал.
Наурыз айында жауын — шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының, Жетісу облысының және Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында), Маңғыстау облысының басым бөлігінде нормадан аз болжанады.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтып берді. Сөзінше биылдың өзінде жұмысынан айырылғандар 95 млрд теңге әлеуметтік төлем алған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл 285 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алған. Жұмысынан айырылып, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алғандар саны 285,2 мыңға жетті.
"240,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 95 млрд теңге болды", - дейді министрлік.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде 45 200 азаматтың банк алдындағы несие қарызы кешірілген. Бұл шамамен 180 миллиард теңге, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы ҚазАқпарат жазды. Мәліметке сүйенсек, азаматтардың қарызы банкроттық бойынша кешірілген. Яғни, заң бойынша, соттан тыс банкроттыққа арыз берушінің атында ешбір мүлік болмауы керек, қарызы көптен төленбеген, төлей алмаған жағдайлар ғана қарастырылады.
"Қазіргі таңда 45 200 адам банкрот деп танылды. Олардың қарыз сомасы 180 млрд теңге болатын. Соның барлығы кешірілді деуге болады. Соның ішінде 13 мыңнан астам адам – бес жылдан астам төлем жасай алмаған азаматтар, көптен қарыз болғандар. Қосымша айта кетсек, 2,5 мың азамат – әлеуметтік тіркеуде тұрған, жағдайы қиын жанұялар. Солардың қарызы кешірілді. Осы заң аясында жеке тұлғалардың жалпы сомасы 180 млрд теңге жеке міндеттемелерін шештік. Заң жақсы жұмыс істеп жатыр. Қандай да бір адами факторлар бұған әсер етпейді. Соттан тыс банкроттық процестері автоматтандырылған", – дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкімет үйінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, вице-министр талап қойып, арыз жазғандардың көбінде жеке автокөлігі мен пәтері барын, әрі ол азаматтар банкрот деп танылмайтынын да айтты.
Айта кетейік, елімізде 2023 жылы 3 наурыздан банкроттыққа өтінім қабылдау басталған болатын.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде биыл жыл басынан бері бүгінге дейін 88 мың неке тіркелген. Мұндай мәліметті "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Неке саны бойынша Алматы қаласы айқын көш бастап тұр — осы кезеңде мұнда 14 254 жұп некесін ресми түрде қиған.
Екінші орында — Астана қаласы, онда 10 142 жұп өмірін бір арнаға тоғыстырған.
Үшінші орын Түркістан облысына тиесілі — мұнда 6 687 неке тіркелген.
Ал топ-5-ті мына өңірлер түйіндеді: Шымкентте 5 570 неке, Қарағанды облысында 5 394 неке тіркелген.
Айта кетейік, Қазақстандықтар арасында этносаралық некелер саны артып келеді. Сондай-ақ некеге мәжбүрлегендер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Еліміздің басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады. Тіпті кей өңірлерде қар жауып, көктайғаққа айналуы мүмкін, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мұндай болжаммен Казгидромет мамандары бөлісті. Синоптиктер дерегіне сүйенсек, атмосфералық фронталды бөліктер әсерінен республика бойынша құбылмалы ауа райы сақталып, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі. Еліміздің батысында, орталығында, шығысында, оңтүстік-шығысында тұман, еліміздің шығысында, солтүстік-шығысында, орталығында көктайғақ болады.
Тағы басқа мақалалар...
1 ішінен 76 беті

Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.