ЖАҢАЛЫҚТАР

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір тынысы туралы мәлімет берді. Сөзінше жақын жылдары үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін тауып, саяжайда тұратын тұрғындар жағдайы жақсармақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Марат Сұлтанғазиев өңірдегі тұрғындар мәселесі саяжай жайының болашағын түсіндірді. Сөзінше көп жылдан бері өзекті мәселеге айналған саяжайларда инфрақұрылым толық жүргізілмеген. Салдарынан ондағы халық зардабын тартып келеді. Әкімнің айтуынша, енді оларды жақын маңдағы елді-мекендерге қосып, бас жоспар аясында газ тарту, жол салу, қоғамдық көлікпен қамту жолдары шешілмек.
“Саяжайлар маусымдық сипаттағы үйлер болғандықтан инфрақұрылым жүргізілмеген. Жыл 12 ай тұруға арналмаған 674 саяжайларда бүгінде 188 мың адам тұрады. Оларда елді мекен мәртебесі болмағандықтан стандарттарға сай жолдармен, сумен, кәріз жүйесімен, газбен, көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Облыс бойынша шығатын сыни ақпараттар саяжайларға байланысты. Биыл барлығы 37 елді мекенді қамтитын 12 жаңа маршрут ашылды. Оның ішінде 4-еуіне мемлекеттік автопарк қызмет көрсетеді. Былтыр субсидия көлемі 200 млн теңге болса, биыл 1,3 млрд теңгеге дейін көтерілді. Бұл әлеуметтік бағыттардың санын 59-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар мектеп оқушыларын тасымалдау үшін биыл қосымша 34 автобус сатып алынды", - деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, облыс басшысы үш ауысымды мектеп жайына да тоқталды.
“Білім беру саласындағы негізгі басымдық – үшауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою. 2023 жылдың басында облыста 52 үшауысымды мектеп болды. Биыл 14,4 мың орынға арналған 10 мектеп тапсырылды. 5-еуі жылдың соңына дейін беріледі. Келер жылы үшауысымды мектептер 39-ға дейін қысқарады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2024-25 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. Осының нәтижесінде үшауысымды мектеп мәселесі шешіледі”, - деді өңір әкімі.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматыда жантүршігерлік жағдай. Бүгін таңда жертөледегі хостелден өрт шығып 59 адам эвакуацияланды. 13 студент тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Қаза болған студенттердің 9- қазақстан азаматы, қалған 2-і Ресей, екеуі Өзбекстан азаматы.
Айта кетейік, өрт туралы хабарлама таңғы сағат 5:33-те түскен. 1 сағатқа жуық уақыт аралығында 30 шаршы метрге жайылған жалын сөндіріледі. Ондағы 59 адам эвакуацияланып жақын маңдағы мектепке жеткізіледі. Тағы іздестіру кезінде 13 студенттің өлі денесі табылып отыр.
Көп ұзамай бұл жағдайға байланысты Мемлекет басшысы көңіл айтты. Сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігі өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек бөлінетінін және қаза тапқандардың денелерін туыстары көрсеткен жерге, оның ішінде еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдауға көмектесетінін хабарлады. Одан бөлек, Алматы қаласы аумағында жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толық көмек көрсетеді. Сондай-ақ қаза тапқан шетелдік азаматтардың отбасыларына да мәйітті жерлеу орнына дейін тасымалдауға жәрдем жасайды.
Көп ұзамай өрт себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ Алматы әкімдігінің өкілдері кірді.
Осылайша төтенше жағдайлар министрі өрт болған жерді қарап шықты. Әрі хостел салудағы норма бұзылғанын мәлімдеді.
«Кәсіпкер жертөлені хостел ретінде қайта жабдықтауға тыйым салу туралы норманы мақсатсыз бұзды. Мемлекеттік органдар тарапынан хостелді ұйымдастыруға рұқсат берілген жоқ», - деді Сырым Шәріпханов.
Өрттің шығуы мен адам өлімінің себептерін анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалды. ТЖМ жедел тобы жұмылдырылды.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Еліміздегі ірі кен орындарда мұнай өндіру қысқарды. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Министр кеңесшісі Шыңғыс Ілиясовтың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына және Каспий құбыр консорциумында (КҚК) қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты еліміздің ірі кен орындарында мұнай өндіру қысқарған.
"Қазір еліміздегі ірі кен орындарында өндіру көлемінің төмендеуі 56% болып отыр. Энергетика министрлігінде жағдайдың қанша уақытқа дейін қалыпты жағдайға келетіні туралы деректер жоқ. Жақын арада қысқарту және өндірісті түзету өз деңгейінде қалады. Ауа райы жағдайларына және КҚК қабылдауға шектеулерге байланысты Теңіз кен орнындағы тәуліктік мұнай өндіру 39 мың тоннаға дейін төмендеді, бұрын бұл көрсеткіш тәулігіне 84 мың тонна болатын", - деді Шыңғыс Ілиясов.
2023 жылғы 27 қарашада Новороссийск теңіз портындағы дауылды жел мен күшті толқындарға байланысты Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалы арқылы экспортталатын қазақстандық мұнайды жөнелтуді тоқтатқаны белгілі болды. Терминал орналасқан Новороссийск теңіз портында боран салдарынан мұнайды ауыстырып тиеуге бірнеше рет шектеу жарияланғаны хабарланды.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Соңғы бір жылда қызылша ауруы 1,5 есеге өскен. Көрсеткіштің артуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қақты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қызылшаға қарсы вакцинацияның көп жылдық төмендеуінен кейін осы вирустық аурумен ауырғандар саны 2021 жылмен салыстырғанда 18%-ке, ал инфекциядан қайтыс болғандар саны 43%-ке өскен.
Науқастардың саны "9 миллион адам, ал қайтыс болғандар - 136 мың адам, олардың көпшілігі балалар" делінген хабарламада. 2022 жылы ауру 37 елде кең таралған, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш жиырма екі ел болатын.
"Қызылшаның өршуі мен одан болатын өлім-жітімнің өсуі қауіп төндіреді. Бірақ вакцинация көрсеткіші азайғандықтан басқа нәтиже күту мүмкін емес", - деп атап өтті жаһандық иммундау жөніндегі ауруларды бақылау және алдын алу орталығының басқарма директоры Джон Вертефей.
Баяндамада табысы төмен елдерде вакцинация қарқыны төмен, өлім қаупі жоғары екені айтылды. 2022 жылы вакцинаның алғашқы дозасын алмаған 22 миллион баланың жартысынан көбі 10 елде тұрады: олар Ангола, Бразилия, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Үндістан, Индонезия, Мадагаскар, Нигерия, Пәкістан және Филиппин.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Ішкі істер министрлігі ел тұрғындарына терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін жауапкершілік барын еске салды. Тіпті бұл бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ақпарат Polisia.kz медиа-порталында жарияланды.
Онда терроризм актісі өткен жылмен салыстырғанда биыл шамамен 12%-ға өскені жазылған. Мәселен, егер өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 141 қылмыстық іске тергеу жүргізілсе, биыл 160 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 39 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде түрлі жаза тағайындалып, 12 адам сотталды: бас бостандығынан айыру жазасына – 3 адам, бас бостандығын шектеу жазасына 7 адам тартылды, бір адамға айыппұл салынса, бір адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленді", – дейді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Хасенов.
Мұндай хабарламалар Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда жиі келіп түседі. Соңғы уақытта Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында “электрондық жалған терроризм” жағдайлары көбейген. Жарылғыш зат қойылды деген хабарламаларда көбінесе көлік құралдары, білім беру, денсаулық сақтау және сот мекемелері көрсетіледі.
Азамат Хасенов сондай-ақ бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды. Яғни қылмыстық кодекстің 273-бабының санкциясы 5000 АЕК (бұл 17 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салуды немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды я шектеуді көздейді. Сонымен қатар сот шешімі бойынша объектіге келтірілген залалды төлеуге тура келеді. Бұл сома 200 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жетеді екен.
"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін полиция биыл 14 кәмелетке толмаған баланы ұстады. Алматыда – 6, Қарағанды облысында – 4, Астана, Жамбыл, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында бір адамнан. Сондай-ақ олардың барлығының ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты тиісті шараларды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға үлкен сомада айыппұл салынды", – деді аға жедел уәкіл.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Бакуге жұмыс сапары барысында Әзербайжан Президентімен кездесті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі қонақжайлығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айта отырып, Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атады.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударды.
“Бұл Сіздің мемлекеттілікті нығайтуға, халқыңыздың әл-ауқатын көтеріп, Бакудің әлемдік қоғамдастықтағы беделін арттыруға бағытталған мықты көшбасшылығыңыздың, көреген әрі дана саясатыңыздың арқасында іске асты. Менің ойымша, бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
“Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды. Мен өзіммен бірге Бакуге толыққанды делегация алып келдім. Өйткені бүгінгі кездесуде, Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды келіссөздер жүргіземіз деп санаймын. Бұл – өзара қарым-қатынасқа қатысты бірқатар мәселе бойынша пікір алмасу үшін жақсы мүмкіндік”, – деді Мемлекет басшысы.
Тағы басқа мақалалар...
48 ішінен 71 беті
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.