ЖАҢАЛЫҚТАР

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Бакуге жұмыс сапары барысында Әзербайжан Президентімен кездесті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі қонақжайлығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айта отырып, Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атады.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударды.
“Бұл Сіздің мемлекеттілікті нығайтуға, халқыңыздың әл-ауқатын көтеріп, Бакудің әлемдік қоғамдастықтағы беделін арттыруға бағытталған мықты көшбасшылығыңыздың, көреген әрі дана саясатыңыздың арқасында іске асты. Менің ойымша, бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
“Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды. Мен өзіммен бірге Бакуге толыққанды делегация алып келдім. Өйткені бүгінгі кездесуде, Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды келіссөздер жүргіземіз деп санаймын. Бұл – өзара қарым-қатынасқа қатысты бірқатар мәселе бойынша пікір алмасу үшін жақсы мүмкіндік”, – деді Мемлекет басшысы.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде соңғы 12 жылда некеде тұрған ерлер мен әйелдердің саны 6,6 миллионнан 8,2 миллионға дейін өскен. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықтың көші-қоны, неке және отбасы, сондай-ақ үй шаруашылықтары бойынша кезекті жинақтарын шығарған. Онда аймақтар, жыныс және жас құрамы бөлінісіндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ соңғы екі санақ арасындағы динамикалық өзгерістерді көруге болады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халықтың 60,9% некеде болған, осылайша некеде тұрған азаматтардың саны 8,2 млн адамды құрады. Оның ішінде 9% – қайта неке құрғандар. Жалпы халықтың 28% – ешқашан үйленбеген, 5,3% – жесір, ал қалған 5,8% – ажырасқандар.
2009 жылмен салыстырғанда ішкі көші-қон ағыны өсті
Ішкі көші-қон көлемі 2009 жылы 2,3 млн адамнан 2021 жылы 2,6 млн адамға дейін ұлғайды. Қазақстандықтар Алматы қаласына (357,9 мың адам), Алматы облысына (286,1 мың адам) және Астана қаласына (283,5 мың адам) көп қоныс аударған.
Қызылорда және Атырау облыстарына халықтың ең аз саны – тиісінше 72,9 мың және 72,5 мың адам көшіп барған.
Бұл ретте, өз елдімекенінен көшіп кетушілердің ең аз саны Маңғыстау облысында (71,8 мың адам), ал керісінше тұрғындары көп көшіп кеткендер саны бойынша Алматы облысы көш басында – 307,8 мың адам.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Солтүстік Қазақстан облысындағы он ауданның 150 елді мекені үш тәуліктен бері жарықсыз отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Дерекке сүйенсек, өңірде әлі күнге дейін 18 қараша күні болған боранның салдарымен күресіп жатыр.
"Сол күні СҚО бойынша республикалық жолдарда 9 учаске жабылды. Сондай-ақ аудандық бөлімшелер, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы өз күшімен облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды жапты. Шал ақын ауданында Газель көлігі жолдан шығып кетті. Сол күні 60-тан астам адамды үш аудандағы 4 жылыту пунктіне орналастырдық", - дейді департаменттің бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.
Боранды күні малын іздеуге шыққан үш адам жолдан адасып кеткен. Олардың бәрі аман-есен табылды.
"18 қараша күні 11 ауданда электр желісі істен шықты. Салдарынан 217 елді мекеннің 33 мыңнан астам абоненті жарықсыз қалды. Бүгінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 21 мың адам тұратын 150 елді мекенде жарық жоқ", - дейді Сәкен Ағзамов.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсырылды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Закон.кз-ке сілтеме жасап.
Аталған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсыру іс-шарасына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кенесары ханның ұрпақтары қатысқан.
"Түркістан – сан ғасыр бойы түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне осындай сирек жәдігерді әкелу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Бұл – еліміздің рухын көтеретін оқиға екендігі анық. Қаламызға келген туристер үшін Тайқазанмен қатар тағы да бір еліміздің маңызды, сирек жәдігерінің болуы өте қуанышты жағдай. Қожа Ахмет Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға тиіспіз. Осы кітапты елімізге қайтару үшін үлесін қосқан ұлттың жанашыр азаматтарына өз алғысымды айтамын", – деді облыс әкімі.
Наурызбай қажы Тағанұлы бабамыздан жеткен құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жылдың маусым айында қабылдап алғанын, Марал ишанның тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері екеніне, атқарған ұлағатты істеріне тоқталды.
"Құнды жәдігердің Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне қойылуы дәстүрлі дініміздің мәртебесінің артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген ойдамыз. Марал ишан бабамыз кім дегенде біз оны тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескен тұлға ретінде тануға тиіспіз. Бабамыз патша үкіметінің қазақ жерінде жасаған әділетсіздіктеріне қарсы тұрып, елді жұмылдырып, ұлтты сақтауда ұмытылмас ұлағатты істер атқарды. Марал ишанның ағартушылық қызметі бір төбе. Біз де бүгін құнды мұраны хандар мен билер, сұлтандар мен рухани ұстаздардың қияметке дейінгі мәңгілік тұрағы болған киелі мекенге алып келдік. Әлемнің әр қиырынан Түркістанға келетін кез-келген адам үшін бұл тағылымы мол, берері көп тарихи дүние", - деді Бас мүфти.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов та бұл жәдігердің маңызына тоқталды.
Рухани іс-шарада ғұлама қарилар Құран хатым түсірді. Бас мүфти Құран кітапты "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбековке тапсырып, ол Үлкен Ақсарай бөлмесіндегі арнайы дайындалған сөреге орнатылды.
Екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, енді ғана тарихи отанына жеткен киелі кітапта Кенесары ханның мөрі бар.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде халықтың ай сайынғы шығындарындағы 52 пайыз тек тамақтың үлесінде. Өйткені биыл азық-түлік шығыны 14 пайызға артқан, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Finprom.kz сараптамалық сайтына сілтеме жасап.
Дерекке сүйенсек, 2023 жылдың екінші тоқсанында үй шаруашылықтарының азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсаған шығындары 13,9%-ға өсіп, 421,1 мың теңгені құраған.
Бұл шығындардың азық-түлік тауарларына жұмсалған барлық шығындардағы үлесі 92%-ды, жалпы тұтыну шығындарынан 52%-ды қамтиды.
Жалпы елде азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға ең көп шығын Түркістан облысының тұрғындары арасында тіркеліп отыр. Онда тоқсанына 557,5 мың теңге шығын мөлшерін құрайды. Сонымен қатар тамаққа көп ақша жұмсайтын өңірлердің “бестігіне” Маңғыстау облысы (551,6 мың теңге, плюс 10%), Атырау облысы (512,4 мың теңге, плюс 14,5%), Ұлытау облысы (502,5 мың теңге, плюс 30%) және Алматы облысы (484,3 мың теңге плюс 7,6%) кірген.
Тұрғындардың азық-түлік және алкогольсіз сусындарға жұмсаған шығындарының құрылымында ең көп үлесті (33,4%) ет және ет өнімдері алып отыр: республика бойынша орташа көрсеткіш - 140,6 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,7%-ға артық.
Екінші қатарда нан өнімдері мен жарма өнімдері тұр: 64,5 мың теңге, Мұнан кейін тізімде сүт өнімдері тұр - қазақстандықтар оларға 44,7 мың теңге жұмсаған.
Бұл 2022 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 21,4%-ға көп.
Сондай-ақ, шығын қатарында жеміс-жидектер мен көкеніс, сусындар мен кондитерлік өнімдер, тәттілер, жұмыртқа, тағы басқа азық-түліктер бар.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, консультациялар өткізді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Ақорда жазды. Онда Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берген. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.
Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
“Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кездесулер мен консультациялар барысында қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдары мен сот инстанциялары қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
Тағы басқа мақалалар...
43 ішінен 65 беті
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.