НОВОСТИ
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Соңғы бір жылда қызылша ауруы 1,5 есеге өскен. Көрсеткіштің артуына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қақты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қызылшаға қарсы вакцинацияның көп жылдық төмендеуінен кейін осы вирустық аурумен ауырғандар саны 2021 жылмен салыстырғанда 18%-ке, ал инфекциядан қайтыс болғандар саны 43%-ке өскен.
Науқастардың саны "9 миллион адам, ал қайтыс болғандар - 136 мың адам, олардың көпшілігі балалар" делінген хабарламада. 2022 жылы ауру 37 елде кең таралған, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш жиырма екі ел болатын.
"Қызылшаның өршуі мен одан болатын өлім-жітімнің өсуі қауіп төндіреді. Бірақ вакцинация көрсеткіші азайғандықтан басқа нәтиже күту мүмкін емес", - деп атап өтті жаһандық иммундау жөніндегі ауруларды бақылау және алдын алу орталығының басқарма директоры Джон Вертефей.
Баяндамада табысы төмен елдерде вакцинация қарқыны төмен, өлім қаупі жоғары екені айтылды. 2022 жылы вакцинаның алғашқы дозасын алмаған 22 миллион баланың жартысынан көбі 10 елде тұрады: олар Ангола, Бразилия, Конго Демократиялық Республикасы, Эфиопия, Үндістан, Индонезия, Мадагаскар, Нигерия, Пәкістан және Филиппин.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Ішкі істер министрлігі ел тұрғындарына терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін жауапкершілік барын еске салды. Тіпті бұл бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ақпарат Polisia.kz медиа-порталында жарияланды.
Онда терроризм актісі өткен жылмен салыстырғанда биыл шамамен 12%-ға өскені жазылған. Мәселен, егер өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 141 қылмыстық іске тергеу жүргізілсе, биыл 160 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 39 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде түрлі жаза тағайындалып, 12 адам сотталды: бас бостандығынан айыру жазасына – 3 адам, бас бостандығын шектеу жазасына 7 адам тартылды, бір адамға айыппұл салынса, бір адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленді", – дейді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Хасенов.
Мұндай хабарламалар Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда жиі келіп түседі. Соңғы уақытта Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында “электрондық жалған терроризм” жағдайлары көбейген. Жарылғыш зат қойылды деген хабарламаларда көбінесе көлік құралдары, білім беру, денсаулық сақтау және сот мекемелері көрсетіледі.
Азамат Хасенов сондай-ақ бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды. Яғни қылмыстық кодекстің 273-бабының санкциясы 5000 АЕК (бұл 17 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салуды немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды я шектеуді көздейді. Сонымен қатар сот шешімі бойынша объектіге келтірілген залалды төлеуге тура келеді. Бұл сома 200 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жетеді екен.
"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін полиция биыл 14 кәмелетке толмаған баланы ұстады. Алматыда – 6, Қарағанды облысында – 4, Астана, Жамбыл, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында бір адамнан. Сондай-ақ олардың барлығының ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты тиісті шараларды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға үлкен сомада айыппұл салынды", – деді аға жедел уәкіл.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Бакуге жұмыс сапары барысында Әзербайжан Президентімен кездесті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі қонақжайлығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айта отырып, Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атады.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударды.
“Бұл Сіздің мемлекеттілікті нығайтуға, халқыңыздың әл-ауқатын көтеріп, Бакудің әлемдік қоғамдастықтағы беделін арттыруға бағытталған мықты көшбасшылығыңыздың, көреген әрі дана саясатыңыздың арқасында іске асты. Менің ойымша, бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
“Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды. Мен өзіммен бірге Бакуге толыққанды делегация алып келдім. Өйткені бүгінгі кездесуде, Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды келіссөздер жүргіземіз деп санаймын. Бұл – өзара қарым-қатынасқа қатысты бірқатар мәселе бойынша пікір алмасу үшін жақсы мүмкіндік”, – деді Мемлекет басшысы.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде соңғы 12 жылда некеде тұрған ерлер мен әйелдердің саны 6,6 миллионнан 8,2 миллионға дейін өскен. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықтың көші-қоны, неке және отбасы, сондай-ақ үй шаруашылықтары бойынша кезекті жинақтарын шығарған. Онда аймақтар, жыныс және жас құрамы бөлінісіндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ соңғы екі санақ арасындағы динамикалық өзгерістерді көруге болады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халықтың 60,9% некеде болған, осылайша некеде тұрған азаматтардың саны 8,2 млн адамды құрады. Оның ішінде 9% – қайта неке құрғандар. Жалпы халықтың 28% – ешқашан үйленбеген, 5,3% – жесір, ал қалған 5,8% – ажырасқандар.
2009 жылмен салыстырғанда ішкі көші-қон ағыны өсті
Ішкі көші-қон көлемі 2009 жылы 2,3 млн адамнан 2021 жылы 2,6 млн адамға дейін ұлғайды. Қазақстандықтар Алматы қаласына (357,9 мың адам), Алматы облысына (286,1 мың адам) және Астана қаласына (283,5 мың адам) көп қоныс аударған.
Қызылорда және Атырау облыстарына халықтың ең аз саны – тиісінше 72,9 мың және 72,5 мың адам көшіп барған.
Бұл ретте, өз елдімекенінен көшіп кетушілердің ең аз саны Маңғыстау облысында (71,8 мың адам), ал керісінше тұрғындары көп көшіп кеткендер саны бойынша Алматы облысы көш басында – 307,8 мың адам.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Солтүстік Қазақстан облысындағы он ауданның 150 елді мекені үш тәуліктен бері жарықсыз отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Дерекке сүйенсек, өңірде әлі күнге дейін 18 қараша күні болған боранның салдарымен күресіп жатыр.
"Сол күні СҚО бойынша республикалық жолдарда 9 учаске жабылды. Сондай-ақ аудандық бөлімшелер, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы өз күшімен облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды жапты. Шал ақын ауданында Газель көлігі жолдан шығып кетті. Сол күні 60-тан астам адамды үш аудандағы 4 жылыту пунктіне орналастырдық", - дейді департаменттің бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.
Боранды күні малын іздеуге шыққан үш адам жолдан адасып кеткен. Олардың бәрі аман-есен табылды.
"18 қараша күні 11 ауданда электр желісі істен шықты. Салдарынан 217 елді мекеннің 33 мыңнан астам абоненті жарықсыз қалды. Бүгінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 21 мың адам тұратын 150 елді мекенде жарық жоқ", - дейді Сәкен Ағзамов.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсырылды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Закон.кз-ке сілтеме жасап.
Аталған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсыру іс-шарасына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кенесары ханның ұрпақтары қатысқан.
"Түркістан – сан ғасыр бойы түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне осындай сирек жәдігерді әкелу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Бұл – еліміздің рухын көтеретін оқиға екендігі анық. Қаламызға келген туристер үшін Тайқазанмен қатар тағы да бір еліміздің маңызды, сирек жәдігерінің болуы өте қуанышты жағдай. Қожа Ахмет Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға тиіспіз. Осы кітапты елімізге қайтару үшін үлесін қосқан ұлттың жанашыр азаматтарына өз алғысымды айтамын", – деді облыс әкімі.
Наурызбай қажы Тағанұлы бабамыздан жеткен құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жылдың маусым айында қабылдап алғанын, Марал ишанның тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері екеніне, атқарған ұлағатты істеріне тоқталды.
"Құнды жәдігердің Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне қойылуы дәстүрлі дініміздің мәртебесінің артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген ойдамыз. Марал ишан бабамыз кім дегенде біз оны тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескен тұлға ретінде тануға тиіспіз. Бабамыз патша үкіметінің қазақ жерінде жасаған әділетсіздіктеріне қарсы тұрып, елді жұмылдырып, ұлтты сақтауда ұмытылмас ұлағатты істер атқарды. Марал ишанның ағартушылық қызметі бір төбе. Біз де бүгін құнды мұраны хандар мен билер, сұлтандар мен рухани ұстаздардың қияметке дейінгі мәңгілік тұрағы болған киелі мекенге алып келдік. Әлемнің әр қиырынан Түркістанға келетін кез-келген адам үшін бұл тағылымы мол, берері көп тарихи дүние", - деді Бас мүфти.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов та бұл жәдігердің маңызына тоқталды.
Рухани іс-шарада ғұлама қарилар Құран хатым түсірді. Бас мүфти Құран кітапты "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбековке тапсырып, ол Үлкен Ақсарай бөлмесіндегі арнайы дайындалған сөреге орнатылды.
Екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, енді ғана тарихи отанына жеткен киелі кітапта Кенесары ханның мөрі бар.
Еще материалы
Страница 36 из 58
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.