БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу кезінде нені білу керек
arrow_forwardҚазақстанда жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңырау төмендеген
arrow_forwardЕлімізде 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді?!
arrow_forwardСОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу кезінде нені білу керек
03-12-2025 Hits:23 Жаңалықтар
sitemanager

Қазақстанда азаматтар несиені мерзімінен бұрын өтеу кезінде нені білуі, нені ескеруі керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушыларға кредитті мерзімінен бұрын өтеу тәртібін еске салды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Спутниктің жазуынша, ішінара өтеу кезінде кредит мерзімін қысқартуға немесе төлем мөлшерін азайтуға болады. Мерзімінен бұрын қарызды өтеу қарыз алушыға пайыздық төлемдерді азайтуға және борыштық міндеттемелерді тезірек орындауға мүмкіндік береді. Бұл төлем екі жолмен жүзеге асуы мүмкін: Толық өтеу – барлық берешекті біржолата жабу; Ішінара өтеу – белгіленген кестеден тыс қосымша соманы төлеу арқылы. Ішінара өтеу кезінде қарыз алушы ай сайынғы төлемді сақтап, кредит мерзімін қысқартуды немесе төлем мөлшерін азайтуды таңдай алады. "Қаржы ұйымдары заңнама шеңберінде мерзімінен бұрын өтеудің ішкі тәртібін, яғни ең төменгі сомаларды, өтініш беру мерзімдерін және есептік күндерді белгілеуге құқылы", - деп жазылған хабарламада. Қарыз алушыларға банкпен алдын ала қайта есептеу әдісін, қаражатты есептен шығару тәртібін, сақтандыру сыйлықақыларын қайтару ерекшеліктерін және ипотека бойынша ауыртпалықты алу процесін келісу ұсынылады. Естеріңізге сала кетейік, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында 2025 жылғы 31 тамызда мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұл санкциялары заңды тұлғаларға ғана қолданылатын норма күшіне енді. Жеке тұлғалар кредиттерді кез келген уақытта тұрақсыздық айыбын төлемей мерзімінен бұрын өтей алады. Бұл норма барлық шартқа, соның ішінде бұрын жасалған шарттарға қолданылады.
Read moreҚазақстанда жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңырау төмендеген
02-12-2025 Hits:21 Жаңалықтар
sitemanager

Елімізде жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңырау саны биыл төмендеген. Соңғы 10 айдағы көрсеткіш бойынша алғашқы жәрдем бригадалары 6,6 миллионнан астам шақыртуға қызмет көрсетіп отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қоңыраулар саны 0,1%-ға төмендеген. "Жеделділіктің бірінші санаты бойынша сын-қатерлер 356 мыңнан асты, өткен жылғы көрсеткіш 0,5%-ға ұлғайды, екінші санат бойынша сын-қатерлер 1,8%-ға өсті және 2,1 млн-нан астам құрады", - деп жазылған хабарламада. Жеделділіктің үшінші санатындағы шақыртулардың үлесі бұрынғы деңгейде қалып, есепті кезеңде 1,9 млн-нан сәл астам құрады. Бұл ретте төртінші санат бойынша — шұғыл ден қоюды талап етпейтіндер бойынша өтініштердің үлесі төмендеді, алайда оларға қызмет көрсету құрылымы өзгерді. Биыл емханалар жанындағы мобильдік бригадалар жеделділігінің төртінші санатына шақыртулардың саны 1, 08 млн құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштің 23,2%-на аз. Сонымен қатар, жедел жәрдем станцияларының бригадалары жеделділіктің 4-санаты бойынша 1 183 590 шақыртуға қызмет көрсетті. Жалпы, республика бойынша жедел жәрдем қызметі 20 дербес станциядан, 96 қалалық қосалқы станциядан және 212 аудандық бөлімшеден тұрады.
Read moreЕлімізде 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді?!
01-12-2025 Hits:25 Жаңалықтар
sitemanager

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап қандай өзгерістер болады? Спутник бірқатар заңи өзгерістер мен тың жаңалықтар және ескертулер топтамасын құрастырған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Көлік автолизингке беріледі 1 желтоқсаннан бастап жеке тұлғаларға автокөлік лизингке беріледі деп жоспарланып отыр. Бұған дейін сауда және интеграция министрлігі бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Автокөлік лизингі – бұл мүлікті ұзақ мерзімге жалға алу формасы. Ондайда көлікті белгілі бір уақытқа пайдалануға беріледі. Жалға алушы ай сайын төлем жасайды. Бірақ көлік лизингтік компанияның иелігінде қалады. Жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін клиентке бірнеше ұсыныс жасалады. Олар: көлікті қайтару; қалдық бағамен жекеменшікке сатып алу; жаңа келісімшартпен басқа көлікті жалға алу. Осылайша көліктің толық бағасын емес, амортизациясына ғана төлеп, міне беруге мүмкіндік болады. Ал келісімшарт типтік үлгіде тек жаңа көліктерге рәсімделеді. Шина ауыстырмағандар айыппұл төлейді Көлік мінетіндер қыстың басты талабын ұмытпауы қажет. Заң бойынша 1 желтоқсаннан бастап қысқы шинаға өту қажет. Бұл талап 1 наурызға дейін сақталады. Ал оны бұзғандарға айыппұл салынады. Айыппұлдың мөлшері: 5 АЕК (2025 жылы – 19 660 теңге, 2026 жылы – 21 625 теңге); құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК (2025 жылы – 39 320 теңге, 2026 жылы – 43 250 теңге). Телефония мен жеткізу қызметтері қымбаттайды "Транстелеком" компаниясы желтоқсанда телефония қызметінің бағасын өзгертеді. Жаңартылған бағаға сәйкес, телефония үшін ай сайынғы абоненттік төлем қалаларда 990 теңге, ал ауылдарда 650 теңге болады. Қосымша мәселелер туындаған жағдайда 191 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндік бар. "CDEK" компаниясы да бірқатар жеткізу қызметіне, атап айтқанда, Қазақстаннан Ресейге, ЕАЭО елдеріне және ел ішінде жөнелтуді қоса алғандағы негізгі бағыттарға бағаның көтерілгенін хабарлады. "Шексіз әлем" қызметі тоқтатылады 1 желтоқсаннан бастап Tele2 және Altel ұялы байланыс операторлары роумингте "Шексіз әлем" қызметін ұсынуды тоқтатады. Бұл қызмет мессенджерлерді, әлеуметтік желілерді және навигациялық карталарды шектеусіз пайдалануға мүмкіндік берген. Оны өшіргеннен кейін абоненттерге халықаралық пакеттерге енгізілген гигабайттар ғана қолжетімді болады. Сонымен қатар операторлар БАӘ, Қытай, Чехия және Оңтүстік Корея сияқты танымал туристік бағыттардағы байланыс тарифтерін қайта қарады. Енді қызмет құны таңдалған пакетке және елге байланысты болады және барлық опцияның жарамдылық мерзімі 30 күнді құрайды. Үлкен пакеттерден басқа, сирек немесе қысқа сапарларға арналған бір күндік шешімдер де бар. Жаңа лоукостер келеді Қазақстанның әуетасымалдау нарығында жаңа лоукостер – тайландтық "Thai Air Asia X" компаниясы жұмыс істей бастайды. Оның ұшақтары "Бангкок-Алматы" бағытында аптасына төрт рет (дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі мен жексенбі) ұшады. Ал Беларусьтың "Белавиа" әуе компаниясы "Минск-Алматы" бағытында жолаушылар тасымалын қайта бастайды. Атап айтқанда, рейстер Минскіден дүйсенбі мен бейсенбіде, Алматыдан сейсенбі мен жұма күндері орындалады. Ташкентке пойызбен баруға болады 14 желтоқсаннан бастап "Алматы-Ташкент" бағытында Talgo пойызы қатынайды. Билет бағасы: отыратын орын – 10 167 теңге; купе – 20 711 теңге; люкс – 30 772 теңге. Оқушылар каникулға шығады 29 желтоқсанда оқушылардың қысқы каникулы басталады. Олармен бірге мұғалімдер де 7 қаңтарға дейін отбасымен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік алады. Одан кейін үшінші тоқсан басталады. Келесі каникулдар: 1-сынып оқушылары үшін қосымша каникул — 9-15 ақпан күндері (7 күн); көктемгі каникул — 19-29 наурыз күндері (11 күн). Ал 25 мамырда оқу жылы аяқталады. Желтоқсанда неше күн демаламыз? Қыстың алғашқы айында мемлекеттік мейрам бар. Ол – Тәуелсіздік күні. 16 желтоқсан биыл сейсенбіге түсіп тұр. Сол күні қосымша демалыс беріледі. Ал сенбі мен жексенбі күндерін қоса есептегенде желтоқсанда 9 күн демалуға мүмкіндік болады.
Read moreЕлімізде криптовалюта айырбастау пункттері ашылады
27-11-2025 Hits:41 Жаңалықтар
sitemanager

Қазақстанда криптовалюта айырбастау пункттері ашылады. Бұл туралы Спутник жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Дерекке сүйенсек, еліміздегі криптовалюта "Астана" халықаралық қаржы орталығы аясында реттелген. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов криптовалюта айырбастау пункттерін ашу тәртібін түсіндірді. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлерден криптовалюта айырбастау пункттерін ашуға 72 өтінім түскен. Бірақ барлығы банк туралы заңның қабылданғанын күтіп отыр. Ол құжатты күні кеше мәжіліс депутаттары сенаттың қарауына жіберіп қойды. "Заң желтоқсанның соңына дейін қабылданады. Одан кейін нормативтік-құқықтық актілерді рәсімдеуге үш ай беріледі. Соның ішінде өтінім беру, қарау және лицензия беру шаралары бар. Ал криптовалюта айырбастау пунктері ашылғаннан кейін криптовалютаны емін-еркін айырбастауға болады, кәдімгідей долларды қалай айырбастаймыз, тура солай криптовалютаны айырбастауға мүмкіндік болады",-деді Шолпанқұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. Оның айтуынша, криптовалюта айырбастау пункттеріне қатысты талаптар болады. Атап айтқанда, ақша айналымы банктер арқылы өтуі керек. Ал крипто әмиян халықаралық қаржы орталығында тіркелуі шарт. Айта кетері, қазіргі кезде Қазақстандағы криптовалюта "Астана" халықаралық қаржы орталығы аясында реттелген. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында ол жақта криптоактивтердің жалпы айналымы 5,4 млрд долларды құрады. Ал жаңа заңмен криптовалютаны республика аумағында реттеу тетіктері енгізіледі.
Read moreҚазақстандықтар енді бір уақытта бірнеше кредит ала алмайды
26-11-2025 Hits:41 Жаңалықтар
sitemanager

Қазақстандықтар енді бір уақыттың ішінде бірнеше кредитке өтінім беріп, ала алмайды. Депутаттардың нормативтік актілерді нақтылауға және азаматтар мен бизнестің мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған екінші оқылымға қатысты ұсыныстарын жұмыс тобы қолдады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі жазды. Негізгі бастамалардың қатарында заңды және жеке тұлғалардың шотына сыйақы есептеуге тыйым салуды алып тастау бар. "Жеке тұлғалардың бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан бір сағат ішінде несие алуға өтініш беруіне қойылған шектеу сақталды", - деп жазылған хабарламада. Несие бюролары алаяқтыққа қарсы Антифрод орталығына енгізіледі және алаяқтық әрекеттерді тексеру үшін жеке тұлғалардың екі немесе одан да көп банкке берген несие өтінімдері туралы ақпаратты бір сағат ішінде бөлісуге міндетті болады. Бастапқы биометриялық мәліметтерді алу және электронды цифрлық қолтаңбаны беру тек клиенттің жеке қатысуымен жүзеге асырылады.
Read moreҚазақстанда сәби өлімі төмендеді
25-11-2025 Hits:46 Жаңалықтар
sitemanager

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев еліміздің нәрестелер өлімін төмендетудегі елеулі ілгерілеуі туралы айтты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. "Биылғы жылдың 9 айында нәресте өлімінің көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3% — ға төмендеген. Бұл 1000 тірі туғандағы көрсеткішке шаққанда 5,84 пайыз деген сөз. Ал былтыр бұл көрсеткіш — 7,24% болған", — делінген хабарламада. Тимур Сұлтанғазиев мұндай нәтижелер алғашқы медициналық көмекті дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау қызметтерін нығайту, жаңа туған нәрестелерді бақылаудың заманауи хаттамаларын енгізу бойынша жүйелі жұмыстардың арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Сондай-ақ, бірінші вице-министрдің айтуынша, үш өңірде: Атырау, Абай және Жетісу облыстарында неонаталдық өлім көрсеткіштерін жақсарту үшін әлеует бар. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін шаралар қабылданып отыр. Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі балалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмысты жалғастырады. "Әр баланың денсаулығы — біздің басымдығымыз. Біз еліміздің әр өңірінде заманауи және сапалы медициналық қызметтер қолжетімді болатындай оң өзгерістерді көріп, жұмысты жалғастырамыз", — деп атап өтті бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев. Десе де ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бойынша Қазақстан алдыңғы қатардан түспей келеді. Сәбидің дүниеге келу деректері өскенімен, олардың шетінеп кету көріністері көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Статистикаға шақсақ, бала туу көрсеткіші екі пайызға артса, тиісінше сәби өлімі бір пайызға көбейген. Бұл дерек елдің демографиялық ахуалын көрсетсе керек.
Read moreҚазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады
24-11-2025 Hits:82 Жаңалықтар
sitemanager

Қазақстан азаматтары қандай елдерге визасыз бара алады және ол мемлекеттерде қанша күнге дейін еркін бола алады. Мұндай ақпаратты ҚазАқпарат жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Агенттік дерегіне сүйенсек, шетелге шығу тәртібі сапардың мақсатына және азаматтың дипломатиялық, қызметтік немесе жалпы азаматтық паспортына байланысты өзгереді. Бұл материалда жалпы азаматтық паспортпен, яғни қарапайым туристік немесе қонаққа бару мақсатындағы сапарларға арналған визалық талаптарды қарастырылған. Осы санатқа визасыз баруға болатын бірнеше мемлекет кіреді. Ең ұзақ визасыз болу мерзімі Грузияда, онда Қазақстан азаматтары бір жылға дейін еркін жүре алады. Сонымен қатар қазақстандықтар Албания, Колумбия, Әзербайжан, Беларусь, Моңғолия, Ресей, Сент-Китс пен Невис, Бразилия, Гаити, Косово, Молдова, Украина, Аргентина, Эквадор, Намибия, Гамбия, Сент-Винсент және Гренадинада 90 күнге дейін визасыз бола алады. Түркия мен Туниске де визасыз баруға болады. Бұл елдерде 180 күннің ішінде 90 күнге дейін тұруға рұқсат берілген. Яғни жарты жыл ішінде елден бірнеше рет шығып қайта кіруге болады, алайда болу күндері қосылып есептеледі. Жиынтық көрсеткіш 90 күнге жеткенде визасыз кіру мүмкіндігі тоқтатылады. Визасыз 30 күнге дейін Босния және Герцеговина, Бразилия, Вьетнам, Қатар, Қытай, Малайзия, Мальдив аралдары, БАӘ, Сейшел аралдары, Сербия, Тәжікстан, Өзбекстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Доминикан Республикасы, Ямайка, Вануату, Микронезия, Тонга, Оман елдеріне бара аласыз. Мароккода 180 күннің ішінде 30 күн болуға рұқсат. Визасыз 14 күнге Гонконг пен Иранға кіре аласыз. 180 күнге – Армения, Антигуа және Барбуда елі жібереді. Барбадос визасыз 28 күнге қабылдайды, Кук аралдары – 31 күнге, Таиланд – 60 күнге. Кейбір елдерге келген бойда виза алу қажет. Мұндай елдерге Бангладеш, Шығыс Тимор, Камбоджа, Индонезия, Шри-Ланка, Ямайка, Палау, Тимор-Лешти, Тувалу, Мальдив аралдары, Бурунди, Мысыр, Комор аралдары, Намибия, Маршалл аралдары, Самоа, Бангладеш, Мадагаскар жатады. Сондай-ақ кейбір бағыттарда сапарға шығардан 2-7 күн бұрын онлайн электронды виза рәсімдеу мүмкіндігі бар. Мысалы, Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін болу үшін алдын ала K-ETA электронды рұқсаты қажет. Үндістанға қажетті күндерге арналған туристік e-visa талап етіледі. Вьетнамда Ханой, Халонг және жағажайларды зерттеу үшін 30 күндік Е-visa керек, ал Сауд Арабиясында тарихи орындар мен заманауи қалаларды көру үшін де Е-visa қажет. Ал қалған елдерге бару үшін міндетті түрде виза алу керек. Олар: Австралия, Австрия, Алжир, Ангола, Ауғанстан, Багам аралдары, Бахрейн, Бельгия, Белиз, Бенин, Бирма (Мьянма), Болгария, Боливия, Ботсвана, Бруней, Буркина-Фасо, Бутан, Ватикан, Ұлыбритания, Мажарстан, Венесуэла, Габон, Гайана, Гана, Гватемала, Гвинея-Бисау, Гвинея Республикасы, Германия, Гондурас, Грекия, Гренада, Дания, Джибути, Доминика, Мысыр, Зимбабве, Израиль, Иордания, Ирак, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Йемен, Кабо-Верде, Камерун, Канада, Кения, Кипр, Кирибати, Конго, Конго-Киншаса, Коста-Рика, Кот-д Ивуар, Куба, Кувейт, Лаос, Латвия, Лесото, Либерия, Ливан, Ливия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Мавритания, Малави, Мали, Мальта, Мексика, Мозамбик, Монако, Науру, Непал, Нигер, Нигерия, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Пәкістан, Панама, Папуа - Жаңа Гвинея, Парагвай, Перу, Польша, Португалия, Руанда, Румыния, Самоа, Сан-Томе және Принсипи, Солтүстік Македония, Сенегал, Сент-Люсия, Сингапур, Сирия, Словакия, Словения, Соломон аралдары, Сомали, Судан, Суринам, АҚШ, Сьерра-Леоне, Танзания, Тринидад және Тобаго, Түрікменстан, Уганда, Уругвай, Финляндия, Франция, Хорватия, Орталық Африка Республикасы, Чад, Черногория, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция, Экваторлық Гвинея, Эль-Сальвадор, Эритрея, Эсватини, Эстония, Эфиопия, ОАР, Оңтүстік Судан, Жапония.
Read moreӘскерге шақыру толық автоматтандырылады
21-11-2025 Hits:50 Жаңалықтар
sitemanager

Қорғаныс министрлігі цифрлық жүйелер әскери қызметке шақырудың барлық негізгі кезеңдерін жеңілдеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Астанада өткен баспасөз турында Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев журналистер мен блогерлерді аталған жобаның негізгі артықшылықтарымен таныстырды. Жиында әскери есепке алу және мерзімді әскери қызметке шақыру жүйесіне ақпараттық технологияларды енгізу нәтижесінде процестерді оңтайландыру және азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру мүмкіндігі пайда болғаны айтылды. "Интеграциялық шлюз автоматтандырылған жұмылдыру ресурстарын есепке алу» ақпараттық жүйесі арқылы жеке әскери есепке алу жүргізіледі және мемлекеттік органдар арасындағы дерек алмасу жеделдетіледі. Бұл ретте «е-Медосмотр» жүйесінің де айтарлықтай артықшылықтары бар. Бұл жүйе медициналық тексеруден өту үдерісін автоматтандырады, яғни азаматтардың әскери қызметке шақырылуына дейінгі кезеңді толық цифрландырылған түрде өткізеді", — деді Қорғаныс министрінің орынбасары. Қалалық жинақтау пунктінде Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің өкілдері журналистерге «Интеграциялық шлюз автоматтандырылған жұмылдыру ресурстарын есепке алу» және «е-Медосмотр» ақпараттық жүйелерінің интерфейстерін көрсетті. Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Арман Сарин «Smart военкомат» жобасы бірнеше жылдық жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті. Мемлекеттік деректер базаларымен интеграция арқасында азаматтардың әскери есепке қойылуы автоматтандырылған, ал 17 жасқа толған жасөспірімдер автоматты түрде жергілікті әскери басқару органдарына тіркеледі. Баспасөз турын ұйымдастырушылар «Smart военкомат» жобасын енгізу азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттырғанын, әкімшілік жүктемені төмендеткенін және мемлекеттік қызметтерге деген сенімді нығайтқанын атап өтті. Сондай-ақ, азаматтардың әскери қызметке шақырудан босатылуы немесе кейінге қалдырылуы үшін ешқандай анықтама мен құжат жинаудың қажеті жоқ. Электрондық түрде шығарылған шақыру бұйрықтары автоматты түрде қаржы ұйымдарына жіберіледі, бұл өз кезегінде кредиттік демалыстарды рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Read more"Қайрат" футбол клубының Чемпиондар лигасындағы келесі ойындары Астанада өтеді
19-11-2025 Hits:64 Жаңалықтар
sitemanager

Алматылық "Қайрат" футбол клубының Чемпиондар лигасындағы келесі ойындары енді Астанадағы "Астана Арена" стадионында өткізіледі. Әрі билет бағасы да төмен бағада сатылмақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. "Қайрат" футбол клубы УЕФА-мен бірлесе отырып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде "Олимпиакос" (9 желтоқсан), "Брюгге" (20 қаңтар) командаларына қарсы өз алаңындағы матчтарын Астанада өткізетінін хабарлады. "Алматыдағы Орталық стадионда матчты қыста өткізу тәжірибесі көрсеткендей, төмен температура, шатырдың жоқтығы, қар жауу қаупі жанкүйерлер үшін қолайсыздық туғызып, алаң қызметін қиындатады. Көрермендерге жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау үшін матч жабық стадионда өтеді", - делінген клуб мәлімдемесінде. Сондай-ақ алматылық клуб билет бағасы 15 000 – 50 000 теңге аралығында болатынын мәлімдеді. Билеттер 28 қарашадан бастап Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшаларында сатыла бастайды. Бір адамға екі билеттен артық рәсімдеуге болмайды. Айта кетейік, "Қайраттың" өз алаңындағы "Реал Мадрид" және "Пафос" командаларына қарсы ойындарда билет құны 30-250 мың теңге аралығында сатылған болатын.
Read moreҚазақстан мобильді интернет бойынша әлемде нешінші орында?!
18-11-2025 Hits:62 Жаңалықтар
sitemanager

Елдегі мобильді интернет жылдамдығы қаншалықты деңгейде? Ал әлем бойынша нешінші орынға кіреміз? Мұндай мәліметті Speedtest Global Index жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында ең жылдам интернеті бар елдердің рейтингісі бойынша Қазақстан 45-орынға жайғасқан. Бұл өткен рейтингпен салыстырғанда 1 орынға жоғары. Салыстырмалы түрде Қазақстан Канада (46-орын), Италия (50), Испания (52), Германия (56), Ұлыбритания (57), Жапония (64) сынды дамыған мемлекеттерді артқа тастаған. Ал қалалар тізімінде Астана мен Алматы қатар тұр. Мобильді интернет жылдамдығы бойынша Астана бес позицияға төмендеп, 62-орынға түссе, Алматы екі сатыға шегініп, 63-орынды иеленген. Астанадағы орташа жүктеу жылдамдығы — секундына 132,13 мегабит, ал Алматыда — 130,72 мегабит. Фиксацияланған кеңжолақты интернет жылдамдығы рейтингінде жағдай нашарлау. Қазақстан әлемдік рейтингте 89-шы орында тұр. Десек те, бұл оған дейінгі нәтижеден 1 сатыға жоғары. Мұнда екінші жарты жылдықтағы орташа жылдамдық 82,47 мегабит/с болған. Ал мобильді интернет жылдамдығы бойынша үздік мемлекеттер төмендегідей: 1. Біріккен Араб Әмірліктері — 652,87 Мбит/с; 2. Қатар — 515,23 Мбит/с; 3. Кувейт — 384,40 Мбит/с. 4. Бразилия — 251,55 Мбит/с. 5. Болгария — 237,03 Мбит/с.
Read moreҚазақстандағы ақылы жолдар қанша миллион табыс алып келгені белгілі болды
13-11-2025 Hits:63 Жаңалықтар
sitemanager

Елдегі ақылы жолдардыңы қанша миллион теңге табыс алып келгені жарияланды. Жыл басынан бері көлік жүргізушілер еліміздің ақылы жолдары арқылы 62 млн астам рет жүрген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. "ҚазАвтожол" ұлттық компаниясы жыл басынан бері көліктер көп жүрген ақылы жолдардың тізімін жариялады. Жыл басынан бері көлік жүргізушілер еліміздің ақылы жолдары арқылы 62 млн астам рет жүрген, дейді компаниядағылар. Қазақстандықтар биыл көп жүрген жолдардың ондығына мына учаскелер кірді: Алматы – Қонаев (10 млн) Шымкент – Өзбекстан шекарасы (7,8 млн) Шымкент – Тараз (5,5 млн) Тараз – Қайнар (4,6 млн) Шымкент – Қызылорда (4 млн) Астана – Теміртау (3,8 млн) Қонаев – Талдықорған (3,3 млн) Астана – Щучинск (3,27 млн) Щучинск – Көкшетау (2,82 млн) Астана – Павлодар (2,1 млн) "Бұл сапалы жол инфрақұрылымына деген сұраныстың артуын көрсетеді. Ақылы жолдар тек жылдам қозғалысты қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар қалалар мен елдер арасындағы сенімді байланысты орнатып, аймақтардың экономикалық дамуына септігін тигізеді", - дейді компания мамандары.
Read moreҚазақстанда фонограммамен ән айтқандарға айыппұл салынады
06-11-2025 Hits:80 Жаңалықтар
sitemanager

Елімізде енді фонограммамен ән айтқандарға айыппұл салынады. Бұл туралы мәдениет вице-министрі Айбек Сыдықов мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Мәжіліс фонограмманы пайдаланғаны үшін салынатын айыппұлдың көлемін анықтады. Қазіргі заң бойынша концертте фонограмма пайдаланылатыны жайлы көрерменді ескерту керек. Ал жаңа заңға сәйкес, алдағы уақытта 200 адамнан артық жиналған жерде фонограмманы пайдалануға толығымен тыйым салынбақ. "Қазіргі таңда мәжіліс депутаттары фонограммаға тыйым салу мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жаңа норманы кіргізіп отыр. Онда 1 000 айлық есептік көрсеткішке (2025 жылда - 3 932 000 теңгеге) дейін айыппұл салу қарастырылған",-дейді Сыдықов. Оның айтуынша, фонограммаға тыйым салу мәселесіне жергілікті атқарушы органдар жауапты болады.
Read more"Қайрат" пен Пафос" ойыны: Ең арзан билет құны 30 мың теңге
20-10-2025 Hits:161 Жаңалықтар
sitemanager

Алматының Орталық стадионында 21 қазан сағат 21:45-те алматылық "Қайрат" пен "Пафос" командалары арасында матч өтеді. УЕФА Чемпиондар лигасының аясында өтетін ойынға билеттер бір апта бұрын сатылымға шықса да, жартысынан азы сатылған. Билет бағасы 30-250 мың теңге аралығында сатылып жатыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. «Реал Мадрид» командасымен ойында билеттердің бағасы 250 мыңнан 30 мыңға дейін болды. «Пафосқа» қарсы матч алдында да билеттер бағасы осы аралықта қалған. Тек 30 мыңдық және 75 мыңдық сектор мен орындар саны көбейген. Алматы қаласы спорт басқармасының мәліметінше, ойын күні стадион маңындағы көлік қозғалысы айтарлықтай шектеледі. Ал матч уақытында Абай даңғылында, сондай-ақ Байтұрсынов, Сәтбаев және Шевченко көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Одан бөлек жанкүйерлер үшін ойын аяқталғаннан кейін 6 бағыт бойынша 60 қосымша автобус қатынайды: — Орталық стадион — «Алматы Арена» (тақтайша A1, жөнелту — Абай даңғылы, батыс бағыт); — Орталық стадион — Райымбек / Алатау (тақтайша A2, жөнелту — Абай даңғылы, батыс бағыт); — Орталық стадион — Алматы-1 теміржол вокзалы (тақтайша A3, жөнелту — Байтұрсынов көшесі, солтүстік бағыт); — Орталық стадион — «Орбита» шағын ауданы (тақтайша A4, жөнелту — Байтұрсынов көшесі, оңтүстік бағыт); — Орталық стадион — «Жұлдыз» шағын ауданы (тақтайша A5, жөнелту — Абай даңғылы, шығыс бағыт); — Орталық стадион — әуежай (тақтайша A6, жөнелту — Абай даңғылы, шығыс бағыт).
Read moreҚазақстанда биыл қыс қандай болады
17-10-2025 Hits:197 Жаңалықтар
sitemanager

Елімізде биыл қыс мезгілі қандай болады. Казгидромет алдын ала болжамын жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Синоптиктер мәліметінше, қыс мезгілі қоңыржай жылы болады деп күтіледі, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанады. Бірақ кейбір кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ құбылыстарымен, тұмандар, мол жауын-шашынның түсетіні болжанып отыр. Сондай-ақ, қыс мезгілінде қар жамылғысында мұз қабыршығы пайда болуына ықпал ететін «температуралық құбылулар» болжанады. Желтоқсан айында ауа температурасы елдің басым бөлігінде норма шамасында, республиканың солтүстік-батыс жартысында нормадан 1° жоғары; (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Ақмола облысының солтүстік-батысында), Шығыс Қазақстан облысының қиыр солтүстік-шығысында нормадан 1° төмен күтіледі (Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында). Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, орталықта, елдің шығысының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының шығысында, солтүстік аймақтың оңтүстік жартысында және оңтүстік облыстардың қиыр солтүстігінде нормадан аз болады деп болжанады. Қаңтар айында ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың шығысында нормадан 1° төмен болады деп болжанады (Абай, Жетісу облыстарында, Алматы облысының басым бөлігінде, Қарағанды, Павлодар облыстарының шығысында). Жауын шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп күтіледі (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында). Ақпан айында республика бойынша орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2°-қа жоғары болады деп күтіледі. Республиканың бүкіл аумағында жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп болжанады. Алдын ала болжам бойынша наурыз айында температура бүкіл ел бойынша нормадан 1° жоғары болуы ықтимал. Наурыз айында жауын — шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының, Жетісу облысының және Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында), Маңғыстау облысының басым бөлігінде нормадан аз болжанады.
Read moreҚазақстанда жұмысынан айырылғандарға қандай көмек бар?!
16-10-2025 Hits:149 Жаңалықтар
sitemanager

Елімізде жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтып берді. Сөзінше биылдың өзінде жұмысынан айырылғандар 95 млрд теңге әлеуметтік төлем алған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл 285 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алған. Жұмысынан айырылып, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алғандар саны 285,2 мыңға жетті. "240,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 95 млрд теңге болды", - дейді министрлік. Заң аясында жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-і мөлшерінде болады. Ол мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленеді.
Read moreҚазақстанда 45 мыңнан аса азаматтың несие қарызы кешірілді
Елімізде 45 200 азаматтың банк алдындағы несие қарызы кешірілген. Бұл шамамен 180 миллиард теңге, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды. Мәліметке сүйенсек, азаматтардың қарызы банкроттық бойынша кешірілген. Яғни, заң бойынша, соттан тыс банкроттыққа арыз берушінің атында ешбір мүлік болмауы керек, қарызы көптен төленбеген, төлей алмаған жағдайлар ғана қарастырылады. "Қазіргі таңда 45 200 адам банкрот деп танылды. Олардың қарыз сомасы 180 млрд теңге болатын. Соның барлығы кешірілді деуге болады. Соның ішінде 13 мыңнан астам адам – бес жылдан астам төлем жасай алмаған азаматтар, көптен қарыз болғандар. Қосымша айта кетсек, 2,5 мың азамат – әлеуметтік тіркеуде тұрған, жағдайы қиын жанұялар. Солардың қарызы кешірілді. Осы заң аясында жеке тұлғалардың жалпы сомасы 180 млрд теңге жеке міндеттемелерін шештік. Заң жақсы жұмыс істеп жатыр. Қандай да бір адами факторлар бұған әсер етпейді. Соттан тыс банкроттық процестері автоматтандырылған", – дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкімет үйінде өткен брифингте. Сондай-ақ, вице-министр талап қойып, арыз жазғандардың көбінде жеке автокөлігі мен пәтері барын, әрі ол азаматтар банкрот деп танылмайтынын да айтты. Айта кетейік, елімізде 2023 жылы 3 наурыздан банкроттыққа өтінім қабылдау басталған болатын.
Қазақстанда жыл басынан бері қанша неке тіркелді
Елімізде биыл жыл басынан бері бүгінге дейін 88 мың неке тіркелген. Мұндай мәліметті "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Неке саны бойынша Алматы қаласы айқын көш бастап тұр — осы кезеңде мұнда 14 254 жұп некесін ресми түрде қиған. Екінші орында — Астана қаласы, онда 10 142 жұп өмірін бір арнаға тоғыстырған. Үшінші орын Түркістан облысына тиесілі — мұнда 6 687 неке тіркелген. Ал топ-5-ті мына өңірлер түйіндеді: Шымкентте 5 570 неке, Қарағанды облысында 5 394 неке тіркелген. Айта кетейік, Қазақстандықтар арасында этносаралық некелер саны артып келеді. Сондай-ақ некеге мәжбүрлегендер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Қар және көктайғақ: Синоптиктер алдағы күнге болжам жасады
Еліміздің басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады. Тіпті кей өңірлерде қар жауып, көктайғаққа айналуы мүмкін, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Мұндай болжаммен Казгидромет мамандары бөлісті. Синоптиктер дерегіне сүйенсек, атмосфералық фронталды бөліктер әсерінен республика бойынша құбылмалы ауа райы сақталып, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі. Еліміздің батысында, орталығында, шығысында, оңтүстік-шығысында тұман, еліміздің шығысында, солтүстік-шығысында, орталығында көктайғақ болады. Жамбыл облысының таулы аудандарында 1 градус үсік күтіледі. Бірқатар облыста жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Астана 13 қазанда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Шығыс, солтүстік-шығыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 5-7 аяз, күндіз 3-5 жылы. Алматы 13 қазанда көшпелі бұлт шығып, түнде аздап жаңбыр жауады. Оңтүстік-батыстан секундына 3-8 метр жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 8-10, күндіз 20-22 жылы. Шымкент 13 қазанда көшпелі бұлт, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыстан 8-13 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ауа температурасы түнде 9-11, күндіз 21-23 жылы.
Қазақстандықтар қай елдерге жұмысқа тұруға жиі баратыны белгілі болды
Ел азаматтарының қай мемлекеттерге жұмыс істеу үшін баратыны белгілі болды. Мұндай мәліметпен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев бөлісті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Вице-министрдің айтуынша, қазір шетелге жұмысқа шыққан Қазақстан азаматтарының саны 120 мыңнан асқан. "Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелде 126 мың адам жұмыс істеп жүр. Оның 102 мыңы Ресей Федерациясында, 15 мыңы Оңтүстік Кореяда, 2 мыңға жуығы Ұлыбритания мен Еуропа одағы елдерінде", - деді А. Ертаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан басқа елдермен ресми жұмыспен қамту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы орайда Еуропа елдерімен және Оңтүстік Кореямен келісімдерге қол қою жоспары бар. "Дегенмен, көп елмен мұндай келісімдер жасалмаған. Мәселен, Еуропа одағы елдерімен тиісті құжатты бекітуді жоспарлап отырмыз. Көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында қазақстандықтар жұмысқа орналасу үшін жиі баратын елдерді қамтуға бағытталған шаралар нақты көрсетілген", - деді ол.
Қазақстанда зейнетақы өседі
Елімізде келер жылдың басынан бастап зейнетақы өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсеткен, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялады. Ведомствоның болжамынша, зейнетақы мен базалық төлемдер өседі: ең төменгі зейнетақы 62 771 теңгеден 69 049 теңгеге дейін ұлғаяды; базалық зейнетақы - 32 360 теңгеден 35 596 теңгеге дейін; күнкөріс деңгейі 50 851 теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ министрлік келесі жылы Қазақстандағы зейнеткерлердің саны 2,6 миллион адамға жетеді деп болжап отыр. 2028 жылға қарай ең төменгі зейнетақы шамамен 78 мың теңгеге, ал базалық зейнетақы шамамен 40 мың теңгеге жетеді. Орташа айлық жалақы 500 890 теңге болуы мүмкін, бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 19%-ке жоғары.
Қазақстанда банкоматтан ақша алу тәртібі өзгереді
Елімізде банкоматтан ақша алу тәртібі өзгеруі мүмкін. Мұндай мәліметті Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Спутниктің жазуынша, адамның бет-әлпеті мен саусақ іздерін тану қызметін енгізу қаралып жатқан көрінеді. Ресми мәліметке сәйкес, биыл банкоматтардан 13,2 трлн теңге алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 трлн-ға артық. Қолма-қол ақшаны көп жағдайда анонимді операцияларды жасау үшін пайдаланады. Ондайда берген және алған адамды анықтау қиын. Ал ақша бөгде адамдардың карталары арқылы жіберіледі. “Біз реттеуші органмен бірге нақты шешімдерді әзірледік. Біріншіден, картаға 500 мың теңгеден астам салған кезде ақшаны жіберуші адамның ЖСН-ін көрсету міндеті енгізіліп отыр. Оған қоса, операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау міндеті пысықталып жатыр. Екіншіден, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардағы видеокамералардың жазбаларын кем дегенде 180 күн сақтауы қажет. Сол арқылы күдікті операциялардың қатысушыларын анықтауға болады”, - деді Бижанов үкіметтің бүгінгі отырысында. Оның айтуынша, банкоматта биометриялық тексеріс - адамның бет-әлпеті мен саусақ іздерін тану қызметін енгізу қаралып жатыр.
Қазақстанда қанша алма бағы бар?!
Елімізде алма бағының саны қанша? Жалпы, ол қанша гектар аумақты алып жатыр? Бұл сұраққа ауылшаруашылығы министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. АШМ баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 29 мың гектарға жуық алма бағы бар. Негізінен Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында орналасқан. Тек Алматы және Жетісу облыстарының өзінде алма бақтары 2,4 мың гектардан астам аумақты алып жатыр, мұнда 416 мыңнан артық алма ағашы өсіріледі. "Бау-бақша шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2014 жылдан бастап фермерлер бақ отырғызу мен интенсивті технологияларды енгізуге арналған инвестициялық субсидиялар алады. Соның нәтижесінде алма өндіру көлемі 43%-ға, ал өнімділік 27%-ға артты", — деді Ербол Тасжүреков. Вице-министр қазақстандық бақтың символы саналатын апорт туралы айта келе, оның тек алма сорты емес, елдің мәдени мұрасының бір бөлігі екеніне де тоқталды. "Апортты ұлттық бренд ретінде қайта жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылданып жатыр. Аумағын кеңейту, агротехниканы жетілдіру және бұл сортты халықаралық деңгейде танымал ету жоспарланған. Қазір Сиверс алмасының көшеттерін өсіретін питомник құрылды, көшеттер дайындау мен жаңа бақтар отырғызу жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін 110 гектар апорт бағы отырғызылмақ. Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары селекциялық және агротехникалық бағдарламаларды белсенді дамытып келеді. 85 жылдық селекциялық жұмыс нәтижесінде Қазақстанда шамамен 400 сорт пен будандардан тұратын коллекция қалыптасқан, оның ішінде апорт негізінде шығарылған 29 жаңа сорт бар", — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.
Қазақстанда қанша педагог жұмыс істейтіні белгілі болды
Елімізде жұмыс істеп жүрген педагог саны нақтыланды. Мұндай мәліметті Оқу-ағарту министрлігі жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. Министрлік баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, бүгінде еліміздің барлық білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның ішінде 400 000-нан астам педагог мектептерде, 42 000-нан астам педагог техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында. Мектепке дейінгі ұйымдарда 102 000-нан астам тәрбиеші жұмыс істейді.
Тарихи матч: "Қайрат" пен "Реал" ойыны аяқталды
Алматылық "Қайрат" футбол клубы Мадридтік "Реалға" қарсы өз алаңында өткізген ойыны аяқталды. Есеп 0:5, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің екінші турында қазақстандық «Қайрат» өз алаңында испаниялық «Реал Мадрид» командасын қабылдады. Алматының Орталық стадионындағы тарихи матч өте тартысты өтті. Алғашқы минуттардан шабуылға шыққан "Қайрат" Хаби Алонсо жаттықтыратын футболшыларға қысым көрсетуге тырысқан. Бірақ ойын көп ұзамай карольдік клуб ығына жығылды. Кездесудің 25-минутында «Қайрат» командасының қақпасына пенальти белгіленіп, он бір метрліктен оныншы нөмірдегі Мбаппе гол соқты. Екінші тайм "Қайрат" үшін өте ауыр болды. Мбаппе тағы 2 гол соғып, хет-трик жасады. Қонақтар мұнымен тоқтап қалмады. Кезекті шабуылдарының бірін Камавинга голға айналдырды. Франциялық ойыншы 83-минутта кездесудегі төртінші голды өз атына жазды. Ал, Браим Дияс ойынның нүктесін қойды. Өкінішке қарай, Орталық стадиондағы 22 788 жанкүйер жиналған ойында алаң иелері 0:5 есебімен қарсылас командаға жол берді.
- 1
- 2
- 3




