НОВОСТИ

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізді 2023 жылы тұтынушыларға 1 372,8 млн текше метр су жіберіліпті. Ал бір тұрғынға шаққандағы орташа тәуліктік су шығыны 92,5 литрді құрады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады. Дерекке сүйенсек, су мөлшері көп жіберілгендер тізімінде Алматы қаласы көш бастап тұр - 190 млн текше метр. Мұнан кейін Қарағанды - 153 млн текше метр су тұтынса, Павлодар облысына 121,2 млн текше метр су жіберілген.
"Жалпы ел бойынша бір тұрғынға шаққандағы тәулігіне орташа жіберілген су мөлшері 92,5 литрді — бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 4,2% артық (2022ж. – 88,7 литр)", - делінген ақпаратта.
Ал бір тұрғынға шаққандағы жіберілген ең жоғары су мөлшер Маңғыстау облысында (тәулігіне 172,1 литр), Шымкент қаласында (156,5 литр) және Павлодар облысында (147,7 литр) байқалды.
Ең төменгі көрсеткіш Жамбыл облысында тіркелді (50,3 литр).

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Суы тартылып, құрдымға кеткен Арал суы қайта көбейіп келеді. Бүгінде бір миллиард текше метр су құйылған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі жазды. Ведомства дерегіне сүйенсек, осылайша Солтүстік Аралдағы су көлемі 21,4 млрд текше метрге жеткен. Биыл жарты жылдың ішінде Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келіпті.
"Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-шы отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағын секундына кемінде 30 текше метр болады және 997 млн текше метр су жіберіледі деп келісті. Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр болған", - делінген министрлік ақпаратында.
Солтүстік Аралды оңтүстіктен Көкарал бөгеті бөліп тұр. Осы құрылыс нысаны Солтүстік Аралда су деңгейін көтеруге мүмкіндік берді. Бөгет пайдалануға берілгеннен кейін Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне 46,6 млрд текше метр су келді. Ал соңғы 7 жылда теңізге 13,3 млрд текше метр су құйылды. Соңғы жылдары Солтүстік Аралдың су көлемі азайды. Алайда 2024 жылдың басынан бастап деңгейі қайта көтеріле бастады.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде жаңа үлгідегі жеке куәліктер шығарыла бастады. Бұл туралы ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Министрлік дерегіне сүйенсек, жаңа үлгідегі жеке куәліктер 15 маусымнан бастап қолданысқа енгізілген.
Жаңа үлгідегі құжаттың ерекшелігі - жеке куәлік иесінің азаматтығы мен жынысы туралы деректер көрсетіледі. Бұрын бұл мәліметтер жеке куәлікке салынған чипте болған.
Жеке куәліктің жаңа дизайны бюджеттен шығын талап етпейді және азаматтардың жаңа құжаттарды шығару үшін төлейтін мемлекеттік баж мөлшеріне әсер етпейді (2024 жылы мемлекеттік баж мөлшері 738,4 теңгені құрайды).
Жарамдылық мерзімі аяқталмаған жеке куәліктер бұдан әрі де жарамды болады. Қазақстандықтар жаңа дизайнды жеке куәліктерді тек алдыңғының мерзімі аяқталған кезде немесе оларды басқа да себептермен ауыстыру кезінде ала алады. Яғни, бір мезгілде жаппай құжат ауыстыруға болмайды.
Еске салайық, бұған дейін елімізде жаңа үлгідегі жеке куәліктер шығарылатынын және оның қандай ерекшеліктері барын кеңінен жазған едік.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде соңғы 5 жылда өлім-жітім деңгейі 9 пайызға төмендеген. Осылайша өмір сүрудің орташа жасы ұзарып отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мұндай мәлімет медицина мамандарын кәсіби меркемен құттықтаған Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың құттықтауынан белгілі болды.
“Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұлт саулығы – мемлекетіміздің басты құндылығы. Мәртебелі міндетті абыроймен атқарып жүрген ақ халатты абзал жандардың қажырлы еңбектері әрдайым ұлықтауға лайық. Бұл ретте денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту, медициналық қызметтің сапасын арттыру, дәрігерлерге жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып қала бермек. Осынау қастерлі мамандыққа деген адалдықтың нағыз эталоны болып табылатын дәрігерлер қауымы шын мәнінде биік адамгершілік пен шексіз мейірімнің, еңбекқорлықтың ерен үлгісін көрсетіп келеді. Соңғы 5 жылда дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында еліміздегі өлім-жітім 9%-ға төмендеп, өмір сүрудің орташа көрсеткіші ұзарды”, - делінген құттықтауда.
Үкімет басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде 270 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етуде. Жоғары оқу орындарында 70 мыңға жуық болашақ маман білім алып жатыр.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Ғалымдар 500 жыл бойы егіз ұлдарды құрбандыққа шалып келген ежелгі тайпаны анықтады. Законның жазуынша, мұндай ғұрып Майя рәсімдерінен табылған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Шамамен 500 жылға созылған қанды ғұрыптарды зерттеуді Макс Планк эволюциялық антропология институтының жетекшілігімен археологтар жүргізген. Олар Мексикадан ежелгі майя рәсімдері кезінде құрбандыққа шалынған адамдардың жаппай жерлеу орындарын тапты.Әрі зерттеу кезінде 100-ден астам адамның қалдықтары Юкатан түбегіндегі Чичен Ица қаласындағы жер асты су қоймасынан алынып отыр.
Радиокөміртекті анықтауға сәйкес, бөлме VII ғасырдың басынан XII ғасырдың ортасына дейін қолданылған. Генетикалық талдау құрбандардың барлығы үш пен алты жас аралығындағы ұлдар екенін және олардың төрттен бір бөлігі егіз екені нақтыланды.
Сарапшылар сүйектерде айтарлықтай жарақат болмағанын атап өтті. Сондықтан олар діни қызметкерлер балаларды улап өлтірді деген болжамға келді. Сондай-ақ, жерлеу ерекшеліктері құрбандарды жаңбыр немесе жақсы егін жинау үшін құнарлылық құдайларына шалғанын да көрсетеді.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде құрбан айт қарсаңында онлайн платформа іске қосылды. Сайт онлайн құрбан шалу рәсімін өткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы alataunews.kz сайты жазды. Онда дерекке сүйенсек, qurban2024.kz сайтын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске қосқан.
Сайт қызметін Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікханұлы таныстырды.
"Мұсылман қауымының қасиетті айт мерекесіне орай барша қазақ елін Құрбан айт күні жүзеге асатын қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады", - деді ол.
Айта кетейік, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Тапсырыс сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберілмек.
Еще материалы
Страница 21 из 68
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.