НОВОСТИ

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде кейінгі 15 жылда қант диабетімен ауыратындардың саны 45 есе өскен. Тіпті күн сайын осы диагнозбен 100-ге жуық науқас тіркелетін көрінеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, бұл мәселеге мәжілісмендер алаңдаушылық білдірген. Депутаттар бұл жайттың қарқынын басу үшін құрамында қант мөлшері жоғары сусындарға қосымша салық енгізуді ұсынып отыр. Ал одан түскен қаражатты диабетпен ауыратындарға профилактика жүргізу үшін бағыттамақ.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, диабетке тексерілгендердің көбінде нақты диагноз анықтала бермейді. Қазір азаматтардың одан өтуге құлшынысы жоқ. Қандағы қанттың жоғары екенін байқаса да, мамандарға кеш жүгініп жатады.
2030 жылға қарай еліміздегі азаматтар қант диабетіне көбірек шалдығуы мүмкін. Сарапшылар осындай болжам жасаған. Оған генетикалық факторларлардан бөлек, тағам мен сусындар құрамындағы қант мөлшерінің көптігі себеп. Мәжілісмендер: "семіздіктің ерте жастан пайда болуы да осыдан", – деп отыр. Жалпы қазір гемодиализге тәуелділердің тең жартысы – қант диабетіне шалдыққандар.
Дәрігерлер күнделікті мұндай диагнозы бар 5 науқастың аяғын кесуге мәжбүр. Биыл қант диабетімен ауыратындардың дәрі-дәрмегіне 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Құрамында қанты бар өнімдерге салық енгізу туралы шешімді әлемнің 65 елі қабылдап, жүзеге асырды. Ал біздің елдегі бұған қатысты талқылаулар бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Мәдениет және ақпарат министрлігі облыстармен бірлесіп 2024-2028 жылдарға арналған ономастикалық атаулардың Жол картасын әзірледі, деп хабарлады Алатау телеарнасы Аlataunews.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысында 2028 жылдарға дейін бөлінген квотаға сәйкес (37 көше) Алматы облысы бойынша Жол картасына аудан әкімдіктері мен облыстық басқармалар бірлесіп 70 көшенің, 57 орта білім беру мекемесінің, 5 мәдениет мекемесінің және 2 саябақтың атын ауыстыру жоспарланып отыр.
Осы тапсырма бойынша, аудандар мен басқармалар Жол картасынан ауытқуды болдырмау қажет.
Министрліктің 25 ақпанда берген тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласының Центральная көшесінің атауы өзгеретін болды. Бұл көшеге балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100-жылдық мерейтойы қарсаңында, осы кісінің есімі беріледі деп шешілді.
Сонымен қатар, 100 жылдық мерейтойы аталып өтілетін тағы бір мемлкеттік қайраткер, армия генералы Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін ақсақалдар алқасы Фрунзе көшесіне беруді ұсынды.
Нәтижесінде, 2 мамыр күні Қонаев қаласының мәслихаты мен қала әкімінің бірлескен шешімі шығарылды. 3 мамыр күні ономастика комиссиясының төрағасы Нұрлан Ерғалиұлының басшылығымен Алматы облысының ономастикалық комиссия отырысы өткізіліп, комиссия мүшелерінен қолдау тапты. Аталған шешім 4 мамыр күні Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде оқушылар алғаш рет қазақ тілінен арнайы емтихан тапсырып жатыр. Бұл сынақ 11 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
ҚазАқпараттың жазуынша, бүгін Қазақстан мектептерінде аралық және қорытынды емтихан тапсыру кезеңі басталды. Емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады.
Биыл бірінші рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауатын айқындау мақсатында 5-8,10 сыныптар 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихан тапсырады. Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді.
Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша.
Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ, мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберлігін көрсетеді.
29 мамыр мен 10 маусым аралағында 9 сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар болады, ал 11 сыныпты бітірушілер 28 мамыр — 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.
Қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9 сыныпты бітірушілер, сондай-ақ биыл 11 сыныпты бітіруші 186 мың оқушы өтеді.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Жаз мезгіліне бір апта уақыт қалды. Ал синоптиктер елордада қар жаууы мүмкін деген болжаммен бөлісті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Казгидромет мамандары Астана тұрғындарына алдағы үш күнде күн суық болатынын ескертті. Тіпті 25 мамырда көшпелі бұлт шығып, түнде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады. Қатты дауыл соғады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 23 м/секундқа жетеді. Ауа температурасы түнде 1-3, күндіз 6-8 жылы болады.
26 мамырда да дәл осындай ауа райы сақталады, ал ауа температурасы түнде 2-4, күндіз 13-15 жылы болады, дейді синоптиктер. Ал 27 мамырда ауа райы 15-17 градусқа дейін жылынады, жаңбыр жаууы ықтимал.
Алматыда 25-27 мамыр аралығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ауа температурасы түнде 14-16, күндіз 20-22 градус жылы болады.
Шымкентте 25 - 27 мамыр аралығында көшпелі бұлт шығып, жаңбыр жауады, кейде найзағай ойнайды. Ауа температурасы түнде 14-16, күндіз 26-28 жылы болады.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Биылғы оқу жылын ел бойынша 3,8 миллион бала аяқтағалы отыр. Олардың ішінде 186 мыңы мектеппен қоштасады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, биыл оқу жылын 3,8 миллион бала аяқтайды. Оның 374 мыңы бастауышпен қоштасса, 341 мың бала орта сыныпты тәмамдайды. Ал 186 мың түлек үлкен өмірге аяқ баспақ. Түлектердің 7 704-і “Алтын белгіге” үміткер.
Сондай-ақ, биыл Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, ТЖ-ға байланысты Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 3,5 мыңнан астам бала аралық және қорытынды емтиханнан босатылады.
Білім алудағы олқылықтардың орнын толтыру үшін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден 832 мың оқушыға арнап "Жазғы мектеп" ұйымдастырылады.
Премьер-министр жазғы демалыс басталмас бұрын балаларды жазғы демалыспен және еңбекке баулуды, ауыл балаларының бос уақытына ерекше назар аударуды тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат құжаты жоқ жазғы сауықтыру ұйымдарының жұмыс істеуіне жол бермеуге тиіс.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Алматыда 21 мамыр сағат 10:00-де жалпықалалық сейсмикалық жаттығу өтеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы қалалық әкімдік жазды. Құлақтандыру қондырғылары іске қосылған кезде білім беру мекемелерінде, адамдар көп жиналатын орындарда азаматтарды ғимараттардан алдын ала белгіленген қауіпсіз орындарға эвакуациялау элементтерін пысықтай отырып, сбъектілік сейсмикалық жаттығулар жүргізіледі.
Осыған байланысты, Алматы қаласы ТЖ Департаменті тұрғындар мен қала қонақтарына сабыр сақтап, ғимараттардан (тұрғын үй, пәтер) жедел эвакуациялау элементін пысықтауымен қатысуды сұрайды!
«Баршаның назарына!» халықты құлақтандыру жүйесінің техникалық дайындығына тексеру жүргізу және сейсмикалық жаттығудың басталуы туралы хабардар етіледі.
Алматы сейсмикалық аймақта орналасқан, сондықтан әрбір азаматтың ТЖ кезіндегі және одан кейінгі іс-қимылдарға жеке дайындығы үлкен маңызға ие.
Алматылықтар үшін жер сілкінісі кезінде отбасылық немесе ұжымдық іс-қимыл жоспарын жасау маңызды:
Жер сілкінісінен кейін отбасыңыздың жиналу орнын алдын ала анықтаңыз.
Жер асты дүмпуі кезінде әрекет ету үшін үйіңіздегі ең қауіпсіз жерлерді алдын-ала анықтау қажет. Мұндай орындарға мыналар жатады: күрделі ішкі қабырғалардың саңылаулары, ішкі қабырғалардан пайда болған бұрыштар (техникалық жоспардан, сол төлқұжаттан көруге болады);
ғимараттан эвакуациялаудың ең қысқа жолын анықтаңыз немесе ғимарат ішінде қауіпсіз орын табыңыз; Жиһаздың жоғарғы сөрелерді ауыр заттардан босатыңыз. Тіпті құлайтын жиhазды бекітіп тастау қажет.
Көпқабатты үйлерде тұратын алматылықтар білуі тиіс 10 қарапайым ережені есте сақтауды ұсынамыз:
- дүрбелеңге түспеңіз, сабырлық сақтаңыз;
- жер асты дүмпулері кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз, жер сілкініп жатқан уақыт өткенше үйде күтіңіз;
- жиһаздан, терезелерден, люстрадан алыстаңыз;
- жасырынатын орын табыңыз (жүк көтергіш/капитал/ішкі қабырғалардың бұрышы);
- ғимараттан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – жерасты дүмпулері тоқтағаннан кейін);
- суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
- алдын-ала дайындалған «дабыл шабаданын» алыңыз;
- ғимараттан эвакуациялау кезінде электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
- жер сілкінісінің қайталануы мүмкін екеніне дайын болыңыз;
- балаларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіңіз.
Эвакуациядан кейін қажет болған жағдайда, ауқымды төтенше жағдай кезінде орналастырылатын халықты қабылдау пунктіне бару керек. Алматыда зардап шеккен халықты қабылдайтын 384 пункт бар.
Әдетте халықты және ТЖ кезінде зардап шеккендердің жиналу нүктесі білім беру ұйымдарында: мектепте, балабақшада, колледжде, жоғары оқу орындарында орналастырылады.
«Баршаның назарына!» сигналын естіген соң дабыл шабаныңыздағы қабылдағышты қосып, әрі қарай нұсқаулыққа сәйкес қимылдау қажет.
Еще материалы
Страница 23 из 68
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.