НОВОСТИ

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елдегі халық саны бір жылда 250 мыңға өсті. Осылайша соңғы дерек бойынша Қазақстандағы халық 20 286 084 адам болған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы ақпаратты Ұлттық статистика бюросы жариялады. Мәліметке сүйенсек, халық бөлінісі былайша тізімделген:
қала тұрғындары – 12 774 743
ауыл тұрғындары – 7 511 341
Жалпы былтырғы жыл басынан бері халық саны 252 242 адамға өсіп отыр. Оның ішінде табиғи өсім есебінен - 235 078 адамға, көші-қон есебінен 17 164 адамға.
Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана мен Алматы қалаларында, тиісінше 6,91% бен 2,86%, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелді – 2,80%.
Республикалық маңызы бар қалалардан басқа, бір миллионнан астам халқы бар облыстар – Түркістан (2,1 млн), Алматы (1,5 млн), Жамбыл (1,2 млн) және Қарағанды (1,1 млн).

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елдегі екі музейге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық мәртебе берілді. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі мен мемлекеттік орталық музей Ұлттық мәртебеге ие болып отыр.
«Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 1-тармағына сәйкес қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейі» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарына «Ұлттық» мәртебе берілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген Ақорда жариялаған құжатта.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде күн райы күрт суытады. Тіпті кей өңірлерде 40 градус аяз болады деп болжануда. Бұл туралы Казгидромет мамандары жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Елімізге арктикалық суықтың түсуі жалғасуда, алдағы үш күнде республика бойынша температураның одан әрі төмендеуі күтіліп отыр.Синоптиктердің болжамына сүйенсек, 23-24 қаңтарда Солтүстік-батыс циклонының әсерінен елдің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында қар жауады. Ал қалған аумақта жауын-шашынсыз ауа-райы болады. Республика бойынша боран, көктайғақ, тұман, екпінді жел күтіледі.
Еліміздің солтүстік жартысындағы ауа температурасы түнде 20-30 градус аяз, жекелеген аудандарда қатты аяз - 35 градус болады деп болжанып отыр. Күндіз 13-20 градус аяз, елдің орталығы мен шығысында 20-35, жекелеген өңірлерде 40 градус қатты аяз, оңтүстікте түнде 15-25 градус, жекелеген аудандарда 28 градус қатты аяз, күндіз 5-15 градус аяз болуы ықтимал.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Еліміздегі ақылы жолдар қатары толықты. Көлік министрі тағы бір республикалық маңызы бар жолда ақылы жүйені енгізу туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, бұйрық 26 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осылайша "Ресей Федерациясы шекарасы (Самара) - Шымкент" тас жолының бойындағы "Қызылорда-Арал" учаскесі ақылы болмақ. Ал ақша төлегісі келмейтін көлік жүргізушілер үшін мынадай баламалы жолдар қарастырылған:
"Қызылорда - Павлодар - Успенка - Ресей Федерациясы шекарасы" республикалық маңызы бар автожолының "Қызылорда - Жезқазған" учаскесі;
"Жезқазған - Петропавловск" республикалық маңызы бар автожолының "Жезқазған - Арқалық" учаскесі;
"Арқалық - Торғай" облыстық маңызы бар автожолы;
"Торғай - Шеген - Ақшығанақ - Дүкен - Ырғыз" аудандық маңызы бар автожолы;
"Ресей Федерациясы шекарасы (Самараға) - Шымкент" республикалық маңызы бар автожолының "Ырғыз - Арал" учаскесі; Жаңадан іске қосылатын ақылы жол II санатқа жатады.
Екі бағытта бір жолақтан қарастырылған. Әрбір жолақтың ені - кемінде 3,75 метр. Ақылы жолдың ұзақтығы - 454 км 850 метр. Ал жол учаскесін ақылы негізде пайдалану мерзімі 20 жылды құрайды.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде соңғы жылдары онлайн сауда өте жоғары деңгейде қолданыла бастады. Тіпті сауда және интеграция министрлігі 2020 жылдан бері елдегі электронды сауда көлемі бес есеге ұлғайғанын айтуда, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Сауда және интеграция министрлігі қазақстандықтардың шетелдік онлайн дүкендерде жұмсаған қаржысын жариялады. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қазақстандықтар онлайн саудаға барлығы 3,2 трлн теңге жұмсаған.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, 2020 жылдан бастап еліміздегі электронды сауда көлемі бес есеге ұлғайыпты.
"Алайда бұл әлі де әлемдік орташа деңгейден төмен. Десе де жастар санының көптігін, финтехтің дамуын, интернеттің қолжетімділігін және қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуын ескере келгенде, Қазақстанда интернет-сауданы дамытудың жоғары әлеуеті бар", - дейді министр.
Сондай-ақ, министрлік Қазақстандағы онлай сауда көрсеткішін 2029 жылға қарай үш есеге ұлғайтуды және оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді ақша аударымы қалай бақыланатынын түсіндірді. Бұған дейін елімізде ақша аударымдарына байланысты заң қабылданған болатын, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Комитет ақпаратына сүйенсек, мобильді аударым заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару үшін бақылауға алынып отыр. Егер жеке тұлғаның есепшотына қатарынан үш ай бойы ай сайын жүз және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша аударылса және ол 255 мың теңгеден асып кетсе, ондай аударым туралы ақпарат салықшыларға жіберілмек.
Сонымен қатар, комитет 2025 жылдан бастап банктерден жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайларына қатысты ақпарат алынатынын да жариялады. Банктер 2024 жылдың қорытындысы бойынша есеп ұсынады.
Бұған дейін мемлекеттік қызметшілер, бюджет және квазимемлекеттік сала қызметкерлерінің мобильді аударымдары бақылауға алынған болатын. Ал 2026 жылдан бастап барлық жеке тұлғаның аударымдарына қатысты ақпарат салық органдарына түседі.
"Аталған шара жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкер тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарға мобильді аударымдар арқылы қабылдайды", - дейді салықшылар.
Еще материалы
Страница 13 из 73
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.