НОВОСТИ
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
"Kazakh Everest Team" қазақстандық команда құрамындағы қазақ қызы тұңғыш рет Эверест шыңына шықты. Жалпы команданың шыңға көтерілуі бес тәулікке созылған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Непалдың Гималайда көтерілуге маманданған және қазақстандық экспедицияның ресми жолсерігі "Seven Summit Treks" компаниясының мәліметіне сүйенсек, қазақ қызы шыңға сәтті көтерілген.
"Құрамында Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев бар "Kazakh Everest Team" қазақстандық команда әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңына (8 848 м) сәтті көтерілді", - делінген хабарламада.
8 000 метрден жоғары биіктіктегі дауыл мен боран түріндегі күрделі ауа райы жағдайларына байланысты шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі бағытынан кері қайтты, тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды. Олардың арасында біздің отандастарымыз бар: тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева және еңбегі сіңген қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев, бұл – оның Эверест шыңына осымен үшінші рет шығуы.
Жалпы "Kazakh Everest Team" командасының шыңға көтерілуі бес тәулікке созылды. Эверест шыңына Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев Қазақстанның мемлекеттік туын орнатты.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Оралдағы саяжай тұрғындары табиғи апаттан кейін үйлеріне орала бастады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы БҚО әкімдігінің ақпаратына сүйеніп.
Дерекке сүйенсек, Орал қаласындағы Венера, Речник, Труд, Газовик, Волна, Үміткер саяжайларының 200-ден астам тұрғыны өз үйлеріне оралған.
Бұдан бөлек, бүгінде су тасқынынан зардап шеккен саяжай иелеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек берілуде. Сондай-ақ, тұрғындардан түскен өтініштер негізінде төлемдер жалғасуда.
Қазіргі уақытта Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын есептеу және материалдық көмек төлеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеуде. Комиссия тексеру актілері аясында суы кеткен саяжайларды қарауда. Кезең-кезеңімен барлық саяжайлар техникалық зерттеуден өтеді.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Алматыда соңғы күндері кене шаққан азаматтар саны артқан. Наурыз айының басынан 5 мамырға дейін 518 адам медициналық көмекке жүгініп отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Десе де, ҚазАқпараттың дерегіне сүйенсек, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (579 адам) 10,5 пайызға төмен көрінеді.
“Кене шаққан 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 53,4% (277 бала) құрады. Барлығына дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, көрсеткіштері бойынша кенеге қарсы иммуноглобулин енгізілді. Жыл басынан бері кене инфекциясы тіркелген жоқ, - дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.
Денеге кене жабысқаны анықталса, мүмкіндігінше тезірек (кене қадалғаннан кейін төрт күннен кешіктірмей) білікті медициналық көмек көрсететін ұйымдарға хабарласу және кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізу қажет.
Кене шаққаннан зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек қаладағы медициналық ұйымдардың келесі травматологиялық пункттерінде көрсетіледі:
Орталық қалалық клиникалық аурухана (Жандосов көшесі, 6);
Жедел жәрдем ауруханасы (Қазыбек би көшесі, 96);
№ 4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220);
№ 7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман шағын ауданы, 20);
Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығы (Манас көшесі, 40).
Сондай-ақ, кенелер санын азайту және кене инфекциясының алдын алу мақсатында 1 сәуірден бастап қаланың орман-тоғай, саябақ, алаңқайларында кенеге қарсы профилактикалық шаралардың бірінші кезеңі жүргізілуде.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елдегі мектептерде жұмыс істейтін ер мұғалімдердің саны жарияланды. Мәліметке сүйенсек, ер адамдар жалпы ұстаздардың 19 пайызын ғана құрайды екен, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мектептерде жұмыс істейтін ер мұғалімдердің санын Оқу-ағарту министрлігі жазды. Онда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы еліміздің білім беру ұйымдарындағы ер педогогтер санын жинақтағаны жазылған. Яғни дерекке сүйенсек, жалпы саны 93 048 ер педагог жұмыс істейді екен. Оның ішінде:
13 867 — колледж
76 502 — мектептерде
2 679 — мектепке дейінгі ұйымдарда.
Ал елдегі білім беру ұйымдарында еңбек ететін әйел педагогтер саны 469 533. Оның 28 340-ы колледж, 324 596-і мектептерде, 98 434-сы мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс істеп жүр.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елдегі азаматтардың жеке басын куәландыратын құжатына өзгеріс енгізіледі. Мұндай ұсынысты Ішкі істер министрлігі әзірлеген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Жоба АшықНҚА сайтында жарияланды. Ондағы басты ерекшелік жеке куәлікке азаматтардың жынысы туралы ақпараттың қосылуы.
"Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің беткі жағында Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі иесінің фотобейнесі, қолы және дербес деректері: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, жынысы және жеке сәйкестендіру нөмірі орналасады.",- делінген құжатта.
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің беткі жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы және қазақ және орыс тiлдерiнде мынадай жазулар орналасады:
- "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
- РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН
- ЖЕКЕ КУӘЛІК
- УДОСТОВЕРЕНИЕ ЛИЧНОСТИ
- ТЕГІ/ФАМИЛИЯ
- АТЫ/ИМЯ
- ӘКЕСІНІҢ АТЫ/ОТЧЕСТВО
- ТУҒАН КҮНІ/ДАТА РОЖДЕНИЯ
- ЖЫНЫСЫ/ПОЛ
- ЖСН/ИИН".
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің сыртқы жағында штрих-код түрінде кодталған ЖСН, микросхеманың байланыс бөлігі, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі иесінің туған жері, ұлты және азаматтығы туралы дербес деректері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін берген орган, берілген күні және қолданылу мерзімі туралы мәліметтер орналасады.
Сонымен қатар, жаңа құжаттың тағы бір ерекшелігі жеке куәліктегі ұлты деген тұс азаматтардың қалауы бойынша көрсетіледі.
Ал жеке куәліктің артқы жағы мынадай екі бөліктен тұрады:
жоғарғы бөлігі – көрнекі аймақ, онда штрих код түрінде кодталған ЖСН, микросхеманың байланыс бөлігі және қазақ және орыс тілдеріндегі мынадай жазулар орналасады:
- ТУҒАН ЖЕРІ/МЕСТО РОЖДЕНИЯ
- ҰЛТЫ/НАЦИОНАЛЬНОСТЬ
- АЗАМАТТЫҒЫ/ГРАЖДАНСТВО
- БЕРІЛГЕН КҮНІ – ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМІ/ДАТА ВЫДАЧИ – СРОК ДЕЙСТВИЯ
- БЕРГЕН ОРГАН/ОРГАН ВЫДАЧИ
төменгі бөлігі – машинамен оқылатын аймақ, онда машинамен оқылатын жол жүру құжаттарына қойылатын халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес осы құжаттағы негізгі ақпарат қамтылған әріптер мен цифрлардың комбинациясынан тұратын, машинамен оқылатын жазу орналасқан.
Құжат 21 мамырға дейін ашық талқылауда болады.
- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елдегі су тасқыны салдарынан жарықсыз қалған үй мәселесіне Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов тоқталды. Сөзіне сүйенсек,бірқатар өңірлерде мұндай жағдайға тап болғандар көп, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Вице-министр жалпы елде тасқын салдарынан неше үй жарықсыз отырғанына толығырақ тоқталды.
"Тасқын кезінде электр қуатынан проблема туындаған 6 өңір бар екенін білесіздер. Бүгінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жалпы мәселе толық шешілді. Ол өңірлерде тек саябақтар мен ешкім тұрмайтын, тұрғындары көшірілген жерлердің жарығы сөніп тұр. Атырау облысының Құлсары қаласында 970 абонент электр қуатынан ажыратылған. Электр компаниясы халық үйлеріне қайтқаннан кейін жарықты қосуға дайын. Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңға жуық абонент төтенше жағдай саласындағы әріптестердің талабы бойынша ажыратылған. Тұрғындар қайтып келгеннен кейін олар да қосылады", — деді ол.
Сонымен қатар, ол кей үйлерге дизельді генератор арқылы жарық беріліп жатқанын да жасырған жоқ.
"Қостанай облысының Жангелді ауданында 651 абонентте жарық сөніп тұр. Оның екі себебі бар. Біріншіден, бағаналарды жөндейін десек, жол жоқ. Екіншіден, халықтың кейбірі үйлеріне қайтпаған. Бірақ ол үйлерге электр желісіне жауапты компания мен жергілікті әкімдік дизельді генератор арқылы жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Солтүстік Қазақстан облысында да сондай. Су кетіп, электрді қосуға мүмкіндік болса, тез жалғаймыз. Ал бағаналарды жөндеу керек болса, әрине, 2-3 күннің ішінде қосуға мүмкіндік бар. Бірақ әлі су қайтпаған жерлер бар. Оның бәрін күнделікті бақылауда ұстап отырмыз", — деп қорытындылады сөзін Сұңғат Есімханов.
Еще материалы
Страница 15 из 58
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.