ЖАҢАЛЫҚТАР

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Ғалымдар жүрекке ең пайдалы сусын қандай екенін анықтады. Зерттеу жұмыстарын Австралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің ғалымдары жасаған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ғалымдардың зерттеу нәтижесіне сүйенсек, газдалған және алкогольді сусындар жүрек ауруының қаупін арттырады екен. Негізінде ғалымдар шай, кофе, алкоголь, сода, энергетиктер мен жеміс шырындарының ағзаға әсерін зерттеген. Нәтижесінде көк шай жүрекке пайдасы мол жалғыз сусын болып шықты.
Ұзақ уақыт бойы шай ішкен адамдарда жүрек-қан тамырлары ауруларынан кенеттен қайтыс болу қаупі 19%-ке төмендеген.
Ғалымдар шай жапырақтарында антиоксидант ретінде әрекет ететін полифенол бар екенін атап өтті. Олар қандағы зиянды заттарды шығаруға көмектеседі. Бұл жасушаларды зақымданудан қорғайды, сонымен қатар күйзелісті төмендетіп, зат алмасуды жақсартады.
Кофе де жүрек ауруының қаупін азайтады, бірақ ер адамдар үшін ғана пайдалы.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Түрмеге қамалған тек бір сотталушыны ұстау үшін қанша теңге жұмсалатыны белгілі болды. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Комитет төрағасының орынбасары сөзіне сүйенсек, бүгінде сотталған бір адамды түрмеде бір тәулік ұстауға бюджеттен 7 500 теңге бөлінеді. Ал сотталғандардың жалпы саны – 30 мың адам.
Бұл көрсеткішті есептесек сотталғандарға күн сайын бюджеттен 225 миллион теңге жұмсалады екен.
Түрмеде отырған 30 мың адамның ішінде екі мыңнан астамы – әйелдер. Ал республика бойынша тергеу изоляторларында 7 мың адам отыр.
Жәнібек Баймағанбетов, сонымен қатар дәл қазіргі уақытта елдегі түрмелер лық толып қалғанын да ашық айтты. Бұл мәселені шешу үшін алда бірнеше өңірде түрме тұрғызылмақ.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде бүгін теледидар мен радио жұмыс істемейді. Мұндай шектеу жоспарлы профилактикалық жұмыстар аясында қолға алынып отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Уақытша қолайсыздық республика аумағын қамтиды. Яғни 17 шілде сағат түнгі 3:00-ден кешкі 17:00 аралығын қамтиды.
Оператор тоқсан сайын спутниктік, цифрлық және аналогтық жерүсті желілерінің техникалық құралдарында қызметтерді жабумен жоспарлы профилактикалық жөндеу жүргізеді.
Мұндай жұмыс үздіксіз және сапалы телерадио хабарларын таратуды қамтамасыз ету үшін қажет.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Әлемдегі халық саны 6 жыл ішінде тағы жарты миллиардқа көбеюі мүмкін. Бұл туралы БҰҰ мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, қазір әлемде 8 миллиард 119 миллион адам бар. Кейінгі 13 жылда 34 елде халық саны қысқарған. Бірақ соған қарамастан алдағы 6 жылда халық саны жарты миллиардқта көбеюі мүмкін. Ал 2050 жылы 9,7 млрд, 2100 жылға қарай 11 миллиард болады деген болжам бар. Дегенмен кей ел халқының санын өсіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаса, өзгелері, керісінше, шектеу қойып жатыр.
Қытайда бала туу азайды. Сондықтан үкімет салық жеңілдіктері, ақшалай ынталандыру, медициналық сақтандыру, тұрғын үйге көмекқаржы беріп әлек. Ал Үндістанда, керісінше, бала тууды шектеп жатыр. Билік 2-ден көп баласы бар адамдарға лауазымды орынды иеленуге тыйым салды.
Жалпы әлемде жасы 65-тен асқан адамдар саны 5,5%-тен 10,3%-ке артты. Бұл – кейінгі жарты ғасырдағы өсім.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде су саласындағы 7 мыңға жуық маманның еңбекақысы 25 пайызға көтерілген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
1 қаңтардан еңбекақысы тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының айлығы орта есеппен 25%-ға көтерілді. Ал 1 мамырдан еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін бірқатар мамандардың айлығы 25%-ға ұлғайып отыр. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігінде айтты.
“Су саласы қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту бағытындағы жұмыс одан әрі жалғасады. Бұл бір күндік іс-шара емес және су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл біз үшін өте маңызды”, - дейді вице-министр Ерболат Ибрайханов.
Айта кетейік, елімізде 9 шілде күні су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Кәсіби мерекеде су саласының 323 қызметкері мен ардагері марапатталды.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Әлем халқының 40 пайызы аллергиялық аурулармен ауыратын көрінеді. Тіпті бүгінде медицинада маңызды мәселеге айналып отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Жаһандық статистика мәліметтері бойынша, әлем халқының әрбір төртінші-бесінші адамы аллергиямен ауырады. Содан да болар жыл сайын 8 шілдеде Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні атап өтіледі. ҚазАқпараттың жазуынша, кейінгі 20 жылда әлемде генетикалық бейімділікке және оларды клиникалық көріністер түрінде жүзеге асыруға әкелетін көптеген фактордың болуына байланысты аллергиялық аурулардың эпидемиясы байқалады. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаеваның айтуынша, кез келген аллергияның негізгі себептері адамның генетикасына негізделген. Көбінесе аллергия ерте жаста тағамға жоғары сезімталдықпен пайда бола бастайды.
“Аллергиялық аурулардың алдын алу үшін аллергия тудыратын заттарды анықтау және есте сақтау қажет. Олармен байланыста болудан аулақ болыңыз, қажет болған жағдайда өзіңізге қалай көмектесуге болатынын біліңіз. Егер өсімдік тозаңына аллергияңыз болса, ауа температурасы жоғары болған кезде күнге шықпаңыз, масканы қолданыңыз. Егер жәндіктер шағып, орнында жәндіктің уы қалса, оны алып тастаңыз және тістеген жерге суық компресс қойыңыз. Үйдегі дәрі қобдишасында дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектер болуы керек. Өздігінен емдеумен айналыспай, медициналық мекемеге жүгініңіз”, - дейді дәрігер А.Батырбаева.
Аллергия – бұл организмнің қоршаған ортаның кейбір факторлары – аллергендердің әсеріне жоғары сезімталдық жағдайы, осы заттардың қайта әсерінен өршиді. Бұл аурудың дамуына ықпал ететін факторлардың ішінде ең көп тарағандары: қоршаған ортаның ластануы, психологиялық шамадан тыс жүктеме, климаттың өзгеруі, сапасыз тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қолдану.
Айта кетейік, “Аллергия” терминін 1906 жылы балалар дәрігері Клеменс фон Пирке енгізген. Симптомдар ежелден бері белгілі. Аллергия туралы алғаш рет Ежелгі Египетте айтылған, бірақ оны ауқымды зерттеу тек ХІХ ғасырда басталды.
Тағы басқа мақалалар...
13 ішінен 61 беті
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.