ЖАҢАЛЫҚТАР

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде енді жолаушылар пойыз күтпей-ақ, вагоннан вагонға ауысу қызметі арқылы билет сатып ала алады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Жаңа бастама неміс мамандарымен бірлесіп іске қосылды. Оған сәйкес, пойызбен белгілі бір жерге апаратын билет болмаса, вагоннан вагонға ауысып жетуге болады.
Қызметті пайдалану тәртібі:
Жолаушы bilet.railways.kz сайтына кіреді;
Бағыт пен сапар күнін таңдайды;
Тікелей билет болмаған жағдайда, жүйе автоматты түрде "пойыз+пойыз" немесе "вагон+вагон" ауысу қызметтерін ұсынады;
Балама нұсқаларды қарау үшін "Вагоннан вагонға ауысу" бөлімін таңдау қажет;
Ұсынылған нұсқалардың ішінен бір пойыз аясындағы қолайлы билет нұсқасын таңдайды.
Билетті рәсімдеу үшін жолаушы қажетті жеке ақпаратты толтырады.
"Мәселен, жолаушы 28 желтоқсан күні "Астана-Алматы" бағытына билет сатып алуды жоспарлайды. Алайда бұл бағытта орын болмаған жағдайда жолаушы әуелі "Астана-Ағадыр" бағытына билет сатып алып, кейін "Ағадыр-Алматы" бағытына сол пойыздың басқа вагонынан билет рәсімдей алады", - дейді мамандар.
"Вагоннан вагонға ауысу" қызметі жолаушыға бір пойызда орын ауыстырып, екі бөлек билет арқылы баратын жерге жетуге мүмкіндік береді.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде төл теңгенің құлдырауы 2025 жылы да күтілмек. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы тіпті көк қағаздың бұдан әрі де нығая беретінін болжап отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сарапшылар мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы теңгенің 1 АҚШ долларына шаққандағы мәні 542,2-ге дейін өспек.
“Ұлттық валютаның бағамы 2023 жылдың қорытындысындағы деңгейге қарағанда 12,7 пайыз бәсең деңгейде нығайғаннан кейін 2024 жылды 10 пайыздан асатын құлдыраумен аяқтауы мүмкін. Оған ішкі нарықта шетелдік валютаға деген сұраныс ұсыныстан әлдеқайда артуы түрткі болады. 2025 жылы USDKZT бағамы 545,2 теңгеге дейін (қазіргі мәнінен 6 пайыз жоғары) жетуі мүмкін. Теңгенің бағамына шикізат бағасының төмендігі, ОПЕК+ келісімінің аясында мұнай өндіру көлемінің кемуі, Қазақстан шикізатын тұтынатын Қытай, Еуроодақ сияқты негізгі серіктестердің экономикасындағы іркілістері, күннен-күнге өсіп жатқан импорт қысым жасауы ықтимал,” - деп жазады қауымдастық сарапшылары.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде несие мәселесі көп халықтың мойнындағы жүгі ауыр жайттың бірі. Десе де қаржылық реттеу агенттігі кредитке әйел адамдардың барынша жауапты екенін анықтаған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Агенттік дерегіне сүйенсек, елдегі әйелдерге қарағанда ерлер кредитін көп кешіктіретін көрінеді. Қазақстанда банктер мен түрлі қаржылық ұйымдардан қарыз алып, уақытында қайтара алмай жүрген жеке тұлғалардың 52 пайызы – ер адамдар.
Бұл ретте ер адамдар кейінгі 5 жыл ішінде дефолтқа түскен қарыздардың 59 пайыз үлесін алған. Яғни, ерлерге қарағанда әйелдер аз да болса несиені мезгілінде төлеуге тырысады.
Тиісінше, әйелдерге қарағанда ерлердің кредиттері көбірек кешірілген. Қаржылық реттеу агенттігінің мәліметінше, есептен шығару статистикасында заемдардың саны бойынша да (52%), кешірілген берешектің сомасы бойынша да (59%) еркектер басым түсіпті. Кешірілген несиелердің орта мөлшері ерлерде – 545,5 мың теңге болса, әйелдерде – 438,3 мың теңге.
Осыған қарамастан банктер сомасы 15 миллион теңгеден асатын ірі кредиттерді ерлерге көбірек береді. 2 миллионға дейінгі ұсақ қарыздарда ғана әйелдердің үлесі басым.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде бүгіннен бастап жол қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған заң күшіне енді. Жаңашылдық халықаралық және республикалық маңызы бар жолдармен жүретін барлық жүргізушілерге қатысты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа заң бойынша енді тас жолдағы орташа жылдамдық камералар арасында есептелетін болады. Яғни автобандағы белгілі жылдамдық шегінен асырып, келесі камералы учаскеге есептелген уақыттан бұрын жеткен көлік жүргізушілеріне айыппұл салынбақ.
«Бұл өзгерістердің негізгі мәні автоматты түрде тіркеу жүйелерімен анықталатын түзу сызықты учаскелерде «орташа жылдамдықтан» асып кеткені үшін жауапкершілікті енгізу болып табылады. «Орташа жылдамдық» жүріп өткен жолды сол жолды жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі. Айыппұл рұқсат етілген «орташа жылдамдықтан» асып кетуіне байланысты 5-тен 40 АЕК-ке дейін болады. Яғни, жолдардың әр түрлі учаскелерінде «орташа жылдамдық» әр түрлі болады, себебі формулаға сәйкес әр автокөлік автоматты түрде есептеледі. Бұл жаңалық талдауды ескере отырып енгізілді, себебі қала маңындағы трассалардағы әрбір үшінші адам жылдамдық режимінің асып кетуінің салдарынан көз жұмған. Осы өзгерістерге байланысты ІІМ жол жүрісіне қатысушылардың барлыған қағидаларды сақтауға және басқа қатысушыларды құрметтеуге шақырады. Жолдағы қауіпсіздікті арттыру — бұл ортақ міндет», — деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
https://www.youtube.com/embed/dH0PAnjXvlw?si=6rWy8sd53bfeXN3V"

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне халқымыздың адал ұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. Салтанатты шарада сондай-ақ, бюсті де ашылып отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Аталмыш өнер мектебі 2015 жылы қолданысқа берілген. Содан бері мұнда балалар 3 бағыт, 9 мамандық бойынша білім алады. Домбыра, баян, қобыз, дәстүрлі ән, эстрада-вокал, фортепиано, хореография, бейнелеу және мүсін, бейнелеу және графика, қолөнер және ағаш бұйымдарын жасау, сәндік қолданбалы өнер, сонымен қатар түрлі үйірмелердің бағыттары бойынша жұмыс істейді.
Қосымша - кәсіби білім беру мектебінде 44 жоғарғы білімді мұғалім жұмыс істейді. Бүгінде бала саны 890 оқушыға жеткен. Соған байланысты аудан ауылдарында өнер мектебінің бөлімшелері ашылған. Атап айтқанда Жалағаш, Жылысай, Ұзынбұлақ, Ақсай, Жалаулы, Тұйық, Қарқара, Бөлексаз, Талды, Шырғанақ, Тасашы ауылдық интернаттағы балаларды қосымша білімге тартып салт-дәстүрге, өнерге деген құлшыныстарын арттырып, әр түрлі мамандық бойынша білім алып келеді.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында Шырғанақ ауылынан ата – аналардың сұранысы бойынша домбыра сыныбы ашылды.
Мектептің 38 оқушысы халықаралық байқаулардан, 176 білім алушы Республикалық байқаулардан, тағы 158-і облыстық, 82-сі аудандық, әрі 63 өнерпаз аймақтық байқаулардан жүлделі орындарға ие болған.
Салтанатты шара аясында, сонымен қатар Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтің «Не только о себе» кітабын тарату рәсімі өтеді.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде АҚШ доллары рекордтық көрсеткішке өсті. Бүгін Алматы, Астана қалаларында көк қағаз құны 520 теңгеге саудаланған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
KASE қор нарығындағы күндізгі сауда қорытындысы бойынша, доллар бағамы 12,58 теңгеге қымбаттады. Бір АҚШ долларының орташа бағамы — 513,00 теңге.
Kurs.kz мәліметінше, Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 512 теңгеден сатылып жатыр, сатып алу бағамы — 522 теңге. Еуро 540 — 546 теңге аралығында құбылып тұр.
Ал, Астана қаласы бойынша долларды сату бағамы — 514 теңге, сатып алу құны — 520 теңге. Еуро 538 теңгеден сатылып, 545 теңгеден сатып алынады. Дәл қазіргі уақытта ақша айырбастау орындарында Ресей валютасы 4,65-4,80 аралығында саудаланып жатыр.
Ұлттық банктің 28 қарашаға арналған ресми бағамы — 1 долларға 499,51 теңге. Ресей рублінің орташа сараланған құны — 4,62 теңге. Еуро — 525,83.
Тағы басқа мақалалар...
12 ішінен 70 беті
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.