ЖАҢАЛЫҚТАР

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде былтыр 100-ге жуық келіншек 50 жастан асқанда сәбилі болған. Мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бюро дерегіне сүйенсек, жалпы Қазақстанда дүниеге бала әкелетін ананың орташа жасы — 29,7. Бала туудың негізгі үлесі 25-29 аралығындағы әйелдерге тиесілі екен. Яғни 29%, 30-34 жас аралығындағыларда — 26%.
20 жасқа дейінгі әйелдер өткен жылы 12,6 мың бала, 50 жастан асқандар 96 баланы дүниеге әкелген. Бұл ретте ананың орташа жасы 2023 жылы 29,7 жасты құрады.
Дүниеге келгендердің 23% — отбасындағы екінші бала. Ал отбасында сегізінші бала болып туылғандардың саны 1 мыңнан астам. Егіз саны — 4 075.
Үшем — 48 (2022 жылы — 50), төртем — 1.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде мамыр айында жауын-шашын мөлшері шамадан көп жауады деген болжам бар. Мұндай мәліметті Казгидромет мамандары ұсынды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
“Қазгидромет” РМК мамыр айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынды.
«Бір ай бойы ауа райы тұрақсыз болады, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпінді жел соғады, кей жерлерде бұршақ түседі. Бірнеше күн жоғары температуралық фон сақталады деп болжанып отыр. Республиканың солтүстік бөлігінде күндіз ауа температурасы +35°C дейін, оңтүстік бөлігінде +40°C дейін ыстық болады", - делінген ақпаратта.
Суық толқындарда ауа температурасы төмендейді. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда түнде -5 градусқа дейін, күндіз +15°C дейін, батыста және ҚР оңтүстік бөлігінде - түнде +5 градусқа дейін, күндіз +26°C дейін болжанып отыр.
"Мамыр айында ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары болады деп болжанып отыр. Онда жауын-шашын мөлшері еліміздің батысында, оңтүстік, орталық өңірлерінде шамадан көп болады", – деді Қазгидромет баспасөз хатшысы.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың несиесі 3 ай мерзімге шегеріледі, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ондағы дерекке сүйенсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 12 өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы тапсырмасы шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, зардап шеккен азаматтарға, шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету іс-шараларын жүзеге асырып жатыр. Аталған агенттікке қарасты Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Қайрат Тұрымтаев су тасқынынан зардап шеккендердің несиесін реттеу мәселесіне тоқталды.
“Жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес, су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтардың кредиттері бойынша төлемдер автоматты түрде 2024 жылғы 1 сәуір – 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге шегеріледі. Зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқыны салдарының ықпалына байланысты туындаған, төлемдердің кешіктірілгені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар кейінге қалады. Зардап шеккен барлық жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ су тасқыны шаруашылық қызметтің бұзылуына әкеп соққан шағын және орта бизнес субъектілеріне олардың берген өтініштері ескеріле отырып, кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі”, – деді ол.
Банктер мен МҚҰ қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына, табысы мен қаржылық жағдайына келтірілген зиянның әсерін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізбек. Соның негізінде кредиттер бойынша дербес қолдау көрсетудің қосымша шаралары айқындалады.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматыда қала экологиясын жақсарту, жас буынды тазалыққа, қамқорлыққа тәрбиелейтін науқан бастау алған. Бір айлық іс-шаралар жоспарының орындалуына білім ордалары да ерекше атсалысуда, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Экологиялық шара негізінен қала тынысын ашу, жас буынның қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру, тағлымды іспен үлгі болу мақсатын көздейді. Осы орайда Наурызбай ауданындағы №207 мектеп-лицейі бір айды тұтас тәрбиелік тұжырымға жіктеген. Яғни мектеп оқушыларына осы бір ай аралығында мағыналы сынып сағаттарын, ашық сабақтарын өткізуде. Сонымен қатар ұжым болып көшет отырғызу, білім қабырғасының ауласын тазалау жұмыстарын да жүзеге асыруда.
Мұндағы басты мақсат - оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, оны қорғауға, аялауға деген көзқарасын қалыптастыру. Өйткені жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие беру - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
№207 мектеп-лицейде жоспарға сәйкес апталық сенбіліктер өтуде. Экологиялық акцияның алғашқы аптасында “Таза өлке” апталығы аясында қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
“Қазгидромет” РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова су тасқынының екінші толқыны қаупі бар өңірлерді атады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
“Ақмола облысындағы салалар бойынша Есіл өзені суының түсуінен (Жабай, Қалқұтан) Солтүстік Қазақстан облысы аумағында, Батыс Қазақстан облысында – Ресей аумағынан Жайық өзені арқылы судың түсуінен, Атырау облысының аумағында – Батыс Қазақстан облысының аумағынан Жайық өзені арқылы судың түсуінен су тасқыны қаупі туындап отыр”, - дейді спикер.
Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында орналасқан таулы өзендерде су тасқыны кезеңі әдетте жазық өзендерден кейін өтеді.
“Қазіргі уақытта Ақмола облысындағы Есіл өзенінің кейбір салаларында су тасқыны үдеді, бұл Есіл өзенінде су деңгейінің қайта көтерілуіне себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ су деңгейінің көтерілуі Нұра өзенінің төменгі ағысында жалғасуда”, - деді А. Исмагулова.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
🔸Астана қаласына ұйымдастырылған ғылыми іссапар Гумилев атындағы ЕҰУ-дағы Түркітану кафедрасынан басталды.
🔸Түркітану кафедрасының меңгерушісі Жадыра Қабенқызы кафедра өмірі жайлы сөзін бастап, кафедра оқытушыларының соңғы жылдары жарық көрген ғылыми еңбектерімен, ғылыми жобалары бойынша жарияланған ғылыми монографияларымен таныстырып, қолымызға түспей жүрген, қажетті біраз кітаптарды сыйға тартты.
🔸Біздің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түркітану және тіл теориясы кафедрасымен өзара бірлестікте жүзеге асыру мүмкіндігіне ие ғылыми зерттеулер жоспарланды.
🔸Түркітану кафедрасының профессоры Мағрипа Қайнарбайқызы бүгінгі түркітану ғылымының өзекті мәселелері жайлы ой бөлісіп, апайдың дәрістерін тыңдап, ректорымыз Ж.Қ. Түймебаевпен бірге түркітану ғылымының қалыптасуынан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі тарихымен бірге қазіргі түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы, түркітанудың тарихи-лингвистикалық негіздері т.б. бойынша Түркітану сериясымен жарық көрген бірнеше томдық ғылыми-зерттеу еңбектерін апайдың өз қолынан алып, рухани олжалы болдық.
🔸Түркітанушы ғалым Амантай Шәріптің ғылыми жобалары жайлы пікірлесіп, жоба аясында түркі халықтарының дәстүрлі және заманауи поэзиясына тән атаулары жинақталған «Түркі поэтикалық сөздігі» атты еңбегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ашылған «Түркі филологиясы» мамандығында оқытылатын пәндер үшін құнды оқу-әдістемелік құрал болып табылады.
🔸Өзіміздің ЖТН AP19677520 «Қазақтілді масс-медиадағы конфликтогенді мәтіндер: тілдік құқықбұзушылықтың сот-лингвистикалық параметрлері» атты жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес сот-лингвистикалық сараптама бойынша филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыповпен кездесіп, «Қазақстандық ғылым кеңістігіндегі сот-лингвистикалық сараптаманың әдістемелік мәселелері» атты ғылыми семинар жұмысын бастадық.
🔸Сондай-ақ, түркітану мамандығында оқитын студенттерге ҚазҰУ тарихы, өзіміздің кафедрамыздағы түркітану, түркі филологиясы мамандықтары, студенттердің ішкі академиялық ұтқырлығы, және т.б. мәселелер бойынша кәсіби бағдар берілді.
🔸🔸🔸Жоба бойынша іссапарымыздың сәтті жүзеге асуына ықпалдастық танытқан Л. Гумилев атындағы ЕНУ Түркітану кафедрасының профессоры Мағрипа Қайнарбайқызына және кафедра меңгерушісі Жадыра Жолмурат Жадыра Қабенқызына ризашылығымызды білдіреміз. Профессор М.Қ. Ескееваның ғылыми-зерттеушілік зор әлеуетімен бірге кісілік тұлғасына тәнті болдық. Өзімізге үлгі тұттық!
Бектемирова С.Б. ф.ғ.к., доцент
Таусоғарова А.Қ. ф.ғ.к., доцент
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология тілдері факультеті
Түркітану және тіл теориясы кафедрасы
Тағы басқа мақалалар...
27 ішінен 68 беті
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.