ЖАҢАЛЫҚТАР

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша 105 елдің ішінде екінші орынға шықты. Адам шошырлық статистиканың көш басында Мальдив аралдары тұр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
2024 жылдың 4 наурызында жаңартылған Petrelli Previtera мәліметі бойынша, Қазақстан ажырасу саны бойынша 1000 адамға шаққанда 4,6 көрсеткішімен әлемде Мальдив аралдарынан кейін екінші орынға шыққан. Мамандар еліміздегі ажырасуға негізінен туыстарының араласуы (61%), моральдық шектеулердің жоқтығы (41%) және ажырасу процесінің жеңілдігі (25%) себеп болып жататынын айтады. Басқа проблемаларға қазіргі қоғамға сәйкес келмейтін қатаң гендерлік рөлдердің сақталуы және некеге деген көзқарастың өзгеруі болып отыр.
Ranking.kz сараптамалық сайты да 2023 жылы Қазақстанда некеге тұрғандар мен ажырасқандардың саны азайғанын жазған. Өткен жылы 120,9 мың неке тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6 пайызға аз және еліміз үшін рекордтық төмен көрсеткіш. Тіпті некелер саны ең аз болған 2008 жылдың өзінде (2016 жылғы мәліметті есептемегенде, ол туралы цифр жоқ) сол кездегі Қазақстан халқының саны қазіргіден аз – 16 миллион адам болғанына қарамастан, 135 мыңнан астам жұп ресми түрде шаңырақ көтерді. Бұл жағдай ХХІ ғасырдағы алғашқы жаһандық экономикалық дағдарыстың ортасында болды. Қалаларда тіркелген некелердің саны 2023 жылы 80 мыңға, ал ауылдық жерлерде 40,9 мыңға дейін азайыпты.
Ажырасу саны да рекордтық минимумға жетті: өткен жылы 16,8 мың ажырасу тіркелген. Некенің ең көп саны Алматыда (13,1 мың), одан кейін Түркістан облысы (11,8 мың) және Астана (10,4 мың) қалаларында тіркелген. Ең аз неке Ұлытау облысында тіркелді – небәрі 1,5 мың. Ажырасудың ең көп саны да Алматыда (2,3 мың), одан кейін Қарағанды облысы мен елордада – әрқайсысында 1,5 мың ажырасу тіркелген. Ең аз ажырасқан Ұлытау облысының халқы – бар-жоғы 198.
Қазақстанда 2023 жылы некеге тұру көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 6,46-дан 6,07-ге дейін төмендеді. Некенің ең жоғары көрсеткіші елордада болды – 1000 адамға шаққанда 7,46. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында. Ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 0,84-ті құрады, өткен жылы 0,89 болған. Ажырасудың ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында болса, ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында болды.
Ажырасудың жоғары көрсеткішіне қарамастан, Қазақстандағы жастардың 82,5 пайызы (18-29 жас) болашақта некеге тұрып, балалы болуды қалайды.
Ажырасу деңгейі жоғары елдердің ондығына сонымен қатар Гуам, Ресей, Молдова, Беларусь, Қытай, Аруба, Литва және Доминикан Республикасы кіреді.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде жұмыссыз жастарға қомақты қаражат беріледі. Гранттық жобаға өтініш беру басталып та кетті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміздің 20-ға жуық өңірінде жұмыссыз жастарға грант беру басталған. Өтінімдерді қабылдау 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Қаражат мөлшері 1 миллион теңгеге дейін.
"Zhas Project" жобасына 18-34 жас аралығындағы NEET санатындағы жастар (уақытша жұмыспен қамтылмаған) қатыса алады.
"Zhas Project" жас қазақстандықтардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Жобаға қатысушылар өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді бастамаларды жүзеге асырып, сонымен қатар көшбасшылық қабілетін де дамыта алады", - делінген министрлік хабарламасында.
Жоба жеңімпаздарының әрқайсысына әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар бөлінеді.
"Болашақта 280 жоба іске асырылатын болады. Өтінімдерді қабылдау 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Әр өңір бойынша жобаны басқаратын және өтініш қабылдайтын үкіметтік емес ұйымдардың байланыс мәліметтері cisc.kz сайтында, Zhas Project бөлімшесінде көрсетілген ", - делінген ақпаратта.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Еліміз әлемдегі бақытты мемлекеттер елулігіне енді. Тіпті қазақстандықтар қытайлықтарға қарағанда бақытты болып шықты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, бұл туралы БҰҰ және Gallup халықаралық зерттеу компаниясы мәлімдеген. Ғалымдар мемлекеттердің өмір сүру сапасын талдаған. Халықтың жай-күйі, психологиясы, экономика мен әлеуметтік жағдай, өмір сүру ұзақтығы, өзін еркін сезіну, тіпті жемқорлық факторларына дейін зерттелген.
Сонымен әлемдегі ең бақытты ел қатарында Финляндия, Дания, Исландия, және Швеция мен Израиль енген. Бақытты елдер ондығында Австралия да бар.
Ал азуын айға білеген АҚШ 23-орында, Ұлыбритания 20-орынға табан тіресе, Қытай 60-шы орынға шықты.
Қазақстан халқы қытайлықтарға қарағанда бақытты болып шықты. Ол 6,188 индексімен 49-орынға ие болды. Тіпті Жапониядан да асып түскен. Аталмыш мемлекет бұл тізімде 51 орынға тұрақтаған.
Айта кетейік, ең бақытты мемлекеттер тізімінің соңында Ауғанстан тұр.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шарада Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алатыны жөнінде айтты.
“Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биылдан бастап Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіп жатқанына тоқталды. Наурызнамаға сәйкес, бүгін елімізде «Ынтымақ» күні.
“Бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз қажет. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін”, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіретінін атап өтіп, барлық азаматтың жүрегінен орын алатын іргелі құндылықтардың айқындалғанына назар аударды.
“Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет – бұл заң мен тәртіп үстемдігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Біздің үмітіміз – жастар. Қазақстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда. Белсенді, санасы сергек, ойы ұшқыр, адал, көзі ашық жастарға біз әрдайым қолдау көрсетеміз”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде егемендігіміздің алтын бесігі болған Алматыны еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы деп атады.
“Алматы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне зор ықпал етеді. Сондықтан мен Алматының дамуын, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін айрықша назарда ұстаймын. Әсем Алматымыз болашақта бұдан да көркейе беретініне сенемін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент биыл елімізде 4 ауқымды жоба қолға алынатынын жеткізді. Атап айтқанда, көптеген жылу орталығы және инженерлік желілер жаңғыртылады, 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. Сонымен қатар 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды және ауыл мен аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын болады. Ал жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді.
“Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Елге, халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде жалғасын табады. Баршаңызды бүгінгі Көктем мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын”, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінен кейін алаңға жиналған жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Ресейде Президент сайлауы өтті. Рекордтық дауыс мөлшерімен Владимир Путин ел тізгінін басқаруды жалғастырады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ресейде Президент сайлауы аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы нақты әрі ресми қорытындыны 21-наурыз жариялайтынын мәлімдеді.
Дей тұрғанымен алғашқы сайлау нәтижесі бойынша Владимир Путин көш бастап тұр. 87,32 пайыз.
Федерацияның жаңа Президентін Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтады. Мемлекет басшысы Ресей Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Ақорданың жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің стратегиялық бағдары жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын атап өткен.
Тараптар стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастық барысын талқылады. Мемлекеттер басшылары өзара тығыз ықпалдастықты жалғастыруға келісті.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы басталды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Президент сөз басын барша халықты Көрісу күнімен құттықтаудан бастады.
“Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз. Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық Құрылтай да Әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды”, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін де айта кетті. Өйткені әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі.
“Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар. Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда, өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр”, - деді Президент.
Құрылтайда қазақ тілінің де жайы айтылды. Мемлекет басшысы ана тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін, әрі бұл – біз үшін мызғымас ұстаным екеніне де тоқталды.
“Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек” - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тағы басқа мақалалар...
29 ішінен 67 беті
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.