ЖАҢАЛЫҚТАР
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Қазгидромет мамандары 15-17 ақпанға арналған үш күндік ауа райы болжамын жариялады. Онда елдің бірқатар өңірінде қатты аяз болатыны жазылған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Синоптиктер дерегіне сүйенсек, солтүстік-батыстан арктикалық антициклон Қазақстан аумағына жылжиды. Сөйтіп республиканың көп бөлігін біртіндеп қамтымақ. Нәтижесінде елге аязды ауа райы келеді.
15 ақпан — шығыста, 16 ақпан — еліміздің оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың әсерінен жауын-шашын, кей уақытта қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Көктайғақ, бұрқасын соғады.
Батыста ауа температурасы түнде -12-30 градус аязға дейін, солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта -30-38 градусқа дейін, 16 ақпан шығыста -18-35 аязға дейін, оңтүстікте -10-30 дейін, 17 ақпанда оңтүстік-шығыста -15-28 дейін суытады.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде соңғы екі жылда 100 мың гектардан астам орман алқабы өртеніп кеткен. Бұл мемлекетке 182 миллиард теңге шығын келтіріпті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлімдеді. Ол орман шаруашылығы комитетіне көңілі толмайтынын айтып отыр.
"Соңғы екі жылда екі ірі өрттен келген залалдың сомасы 182 миллиард теңгені құраған және 100 мың гектардан астам орман жойылды. Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді. Ал осы іс-шараларға есептеулер бойынша 150,9 миллиард теңге қажет болады. Яғни жалпы шығын шамамен 384 миллиард теңгені құрайды", – дейді депутат.
Спутниктің жазуынша, ол азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес республиканың барлық орман шаруашылығын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін 68 миллиард теңге қажет екенін айтқан.
"Сараң екі төлейді" деген сөз бар. Жалпы шығын қажетті сомадан бес жарым есе асып тұр. Үкімет қажетті соманы тез арада шешіп, бүкіл материалдық-техникалық базаны реттеп алғаны тиімді емес пе? Бұл мемлекет үшін де, табиғат үшін де пайдалы болатыны айтпаса да түсінікті", – дейді мәжілісмен.
Жаңбыршин орман заңнамасының сақталуын бақылайтын орман шаруашылығы комитетінің жұмысы да көңілден шықпайтынын атап өтті. Соңғы екі жылда табиғатты қорғау мекемелерінің объектілерінде 80-нен астам тексеріс жоспарланған, алайда іс жүзінде 1 ғана тексеріс жүргізіліпті.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Жер жүзінде 6 мыңдай ғана қар барысы қалған. Бұл туралы экологтар айтып берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Тіпті, осы орайда қар барысын қорғауды бірнеше мемлекет бірігіп қолға алған. Жалпы таулы аймақты мекендейтін барыс әлемнің 12 елінде кездеседі. Соның бірі - Қазақстан. Елімізде барыстардың саны 190-ға жуықтайды. 15 қорық пен ұлттық саябақтарды мекендейтін бұл жабайы аң мемлекеттің ерекше қорғауында.
Өзбекстанның Самарқан қаласында бас қосқан сарапшылар әлемде сирек кездесетін аңды сақтап қалудың жаһандық бағдарламасын жүзеге асыруға уағдаласты. Жиынға қазақстандық экологтар да қатысты. Әлемде 6 мыңға тарта қар барысы қалған. Сирек кездесетін аң халықаралық Қызыл кітапқа енген.
Осылайша, барыс мекендейтін елдердің экология министрлері мен халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері бірлесіп, қар барысын қорғау бойынша қарар қабылдады.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Премьер-министр Олжас Бектенов республикалық бюджетке ревизия жүргізуді тапсырды. Тіпті бұл жұмыстарға 10 күн ғана уақыт берген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Үкіметтің баспасөз қызметі дерегіне сүйенсек, бұл жұмыстар ақшаны орынсыз шашпау мақсатында жүргізілмек. Үкімет жиынында Олжас Бектенов бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керегін атап өткен.
"Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек", — деді Олжас Бектенов.
Cонымен қатар Үкімет басшысы Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту қажеттігін де атап өтті. Әрі құжатты дайындау кезінде әкімшілендіруді толық цифрландырып, салық жеңілдіктерін беру мәселесін реттеуді тапсырды.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде орташа жалақы өскен. Бұл туралы Ұлтық статистика бюросы жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ұлттық статистика бюросы былтырғы жылдың төртінші тоқсанындағы жалақы туралы мәліметті жариялады. Ондағы дерекке сүйенсек, атаулы жалақының орташа мәні 2023 жылғы IV тоқсанында 393 605 теңге болған.
"2022 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 16,2%-ды, нақты мәнде – 5,3%-ға өсті. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2023 жылғы IV тоқсанда бағалау бойынша 259 463 теңге болды. 4-тоқсанда орташа жалақы мөлшерінің өсуі жыл қорытындысы бойынша қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылар есебінен еңбекақы қорының ұлғаюымен байланысты", - делінген ақпаратта.
2022 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі қаржы және сақтандыру қызметі – 29,7%, ақпарат және байланыс – 23,2%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 20,8%, салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақының өсуі 18,6%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 18,2% құрап отыр.
- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматыдағы Тау-Самал шағын ауданында лай көшкіні жүрді. Салдарынан 4 адам көз жұмған, оның 2-і бала, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Төтенше жағдайлар министрлігі дерегіне сүйенсек, апат туралы ақпарат түнгі сағат 2:20-лар шамасында түскен.
Оқиға орнына дереу Қазселденқорғаудың, Алматы қ. 109 құтқару қызметінің, Республикалық жедел-құтқару жасағының, Алматы қ. ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Оқиға орнына келген кезде сырғыма салдарынан екі үйге зақым келгені анықталған.
Сағат 10:00 шамасында жылжыма түскен жерде жедел штаб құрылып, жеке тұрғын үйді балшық массасынан тазарту және адамдарды іздеу жұмыстары қарқын алды. Апат салдарын жоюға 182 маман мен 32 техника жұмылдырылды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істеді.
"Техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан, көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма көшкен. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған", - делінген ақпаратта.
Көп ұзамай олардың денесі өлі күйінде табылды. Оқиға орнында құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған екі жас жігіттің денелерін тауып алып шықты.
Ал жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Олар № 47 мектепке орналастырылды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетілді. Жиналу пунктіне орналастырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, тұрғындар өз еркімен достары мен туыстарына кетті.
Тағы басқа мақалалар...
24 ішінен 58 беті
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.