ЖАҢАЛЫҚТАР

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Жер жүзінде 6 мыңдай ғана қар барысы қалған. Бұл туралы экологтар айтып берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Тіпті, осы орайда қар барысын қорғауды бірнеше мемлекет бірігіп қолға алған. Жалпы таулы аймақты мекендейтін барыс әлемнің 12 елінде кездеседі. Соның бірі - Қазақстан. Елімізде барыстардың саны 190-ға жуықтайды. 15 қорық пен ұлттық саябақтарды мекендейтін бұл жабайы аң мемлекеттің ерекше қорғауында.
Өзбекстанның Самарқан қаласында бас қосқан сарапшылар әлемде сирек кездесетін аңды сақтап қалудың жаһандық бағдарламасын жүзеге асыруға уағдаласты. Жиынға қазақстандық экологтар да қатысты. Әлемде 6 мыңға тарта қар барысы қалған. Сирек кездесетін аң халықаралық Қызыл кітапқа енген.
Осылайша, барыс мекендейтін елдердің экология министрлері мен халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері бірлесіп, қар барысын қорғау бойынша қарар қабылдады.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Премьер-министр Олжас Бектенов республикалық бюджетке ревизия жүргізуді тапсырды. Тіпті бұл жұмыстарға 10 күн ғана уақыт берген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Үкіметтің баспасөз қызметі дерегіне сүйенсек, бұл жұмыстар ақшаны орынсыз шашпау мақсатында жүргізілмек. Үкімет жиынында Олжас Бектенов бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керегін атап өткен.
"Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек", — деді Олжас Бектенов.
Cонымен қатар Үкімет басшысы Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту қажеттігін де атап өтті. Әрі құжатты дайындау кезінде әкімшілендіруді толық цифрландырып, салық жеңілдіктерін беру мәселесін реттеуді тапсырды.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде орташа жалақы өскен. Бұл туралы Ұлтық статистика бюросы жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ұлттық статистика бюросы былтырғы жылдың төртінші тоқсанындағы жалақы туралы мәліметті жариялады. Ондағы дерекке сүйенсек, атаулы жалақының орташа мәні 2023 жылғы IV тоқсанында 393 605 теңге болған.
"2022 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 16,2%-ды, нақты мәнде – 5,3%-ға өсті. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2023 жылғы IV тоқсанда бағалау бойынша 259 463 теңге болды. 4-тоқсанда орташа жалақы мөлшерінің өсуі жыл қорытындысы бойынша қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылар есебінен еңбекақы қорының ұлғаюымен байланысты", - делінген ақпаратта.
2022 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі қаржы және сақтандыру қызметі – 29,7%, ақпарат және байланыс – 23,2%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 20,8%, салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақының өсуі 18,6%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 18,2% құрап отыр.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Алматыдағы Тау-Самал шағын ауданында лай көшкіні жүрді. Салдарынан 4 адам көз жұмған, оның 2-і бала, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Төтенше жағдайлар министрлігі дерегіне сүйенсек, апат туралы ақпарат түнгі сағат 2:20-лар шамасында түскен.
Оқиға орнына дереу Қазселденқорғаудың, Алматы қ. 109 құтқару қызметінің, Республикалық жедел-құтқару жасағының, Алматы қ. ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Оқиға орнына келген кезде сырғыма салдарынан екі үйге зақым келгені анықталған.
Сағат 10:00 шамасында жылжыма түскен жерде жедел штаб құрылып, жеке тұрғын үйді балшық массасынан тазарту және адамдарды іздеу жұмыстары қарқын алды. Апат салдарын жоюға 182 маман мен 32 техника жұмылдырылды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істеді.
"Техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан, көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма көшкен. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған", - делінген ақпаратта.
Көп ұзамай олардың денесі өлі күйінде табылды. Оқиға орнында құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған екі жас жігіттің денелерін тауып алып шықты.
Ал жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Олар № 47 мектепке орналастырылды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетілді. Жиналу пунктіне орналастырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, тұрғындар өз еркімен достары мен туыстарына кетті.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Үкіметтің жаңа басшысы Олжас Бектенов министрлік басшыларын таныстырды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Үкімет басшысы жаңадан тағайындалған Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа ведомство алдында ауқымды және амбициялық міндеттер тұрғанын атап өтті.
"Ұлттық экономика министрлігін реформалар мен экономикалық серпіліске қол жеткізу бойынша алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудағы негізгі күш деп айтуға болады. Бұған қажет барлық ресурстар бар деп ойлаймын. Ең бастысы, министрлікті формализмсыз, бюрократиясыз, қажетсіз жиындарсыз белсенді жұмыс істеуге бағыттағым келеді. Аз сөйлеп, көп іс тындыру керек", — деді Олжас Бектенов.
Мәди Такиевті Қаржы министрлігінің ұжымына таныстыру барысында Премьер-Министр ведомствоны мемлекеттік басқарудағы маңызды органдардың бірі екенін атап өтті.
"Сол себепті Мемлекет басшысы да, Премьер-Министр ретінде мен де Қаржы министрлігінің барлық бағыттар бойынша нақты, белсенді жұмыс атқаратынына сенеміз", — деді Олжас Бектенов.
Шыңғыс Әріновті Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымына таныстырып, Премьер-Министр ведомство жұмысының негізгі бағыттарын атап өтті.
"Жақында ғана Алматыда Мемлекет басшысы жер сілкінісінен кейін министрлікке нақты сын айтты. Төтенше жағдайлар министрлігінің алдында төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және алдын алу жүйелерін жаңғырту бойынша өте маңызды міндеттер тұр. Президент қойған міндеттерді Шыңғыс Сайранұлы абыроймен орындайды деп ойлаймын", — деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігінің ұжымына Ақмарал Әлназарованы таныстыру кезінде оның тәжірибесі мен жоғары кәсіби біліктілігін атап өтті.
Министрліктің алдында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және одан әрі оның тиімділігін арттыру міндеті тұр.
"Бұл – мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыты. Денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеру үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Біз бұған жан-жақты көмектесеміз", — деп түйіндеді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Үкіметтің жаңа құрамына енбеген барлық бұрынғы министрлерге атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Ал қалған ведомства басшылары өзгерген жоқ. Бұрынғы министрлер өз жұмысын жалғастырады.

- Толығырық
- Категория: Жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында Әлихан Смайылов бастаған үкіметтің отставкасын неліктен қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, үкімет жаңа, маңызды рөл атқарып, тез шешім қабылдап, тиімді қадамдар жасауы керек.
"Халқымыздың игілігі үшін экономиканы ынталандыру және әртараптандыру үшін батыл, нақты шешімдер қабылдануы керек. Жаңа шындыққа бейімделу керек. Біз жаңа сын-қатерлерге қарсы тұра білуіміз керек, үкімет бұған дайын болуы керек. Үкімет қызметіне жаңа серпін беру керек, мұны жұртшылық та күтіп отыр. Осы себепті мен Әлихан Смайыловтың отставкаға кетуін қабылдадым. Оның басшылығындағы үкімет барлық салада тұрақтылықты қамтамасыз етті", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Айта кетейік, 2024 жылдың 5 ақпанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойған. Ал 6 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Amanat" партиясы атынан Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Осылайша Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінен Олжас Бектенов Үкіметті басқаруға тағайындалды.
Тағы басқа мақалалар...
34 ішінен 68 беті
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.