НОВОСТИ

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Елімізде шұғыл желілер қатарына 111 нөмірі қосылды. Бұған қоңырау шалу арқылы отбасындағы зорлық-зомбылық пен жасөспірімдерге буллинг мәселесін жеткізе аласыз, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
ҚазАқпараттың жазуынша, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева және «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек үшжақты меморандумге қол қойды. Келісімге сәйкес, "111" нөмірі "101", "102" және "103" шұғыл нөмірлерімен қатар бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына айналып, әрбір азамат үшін тәулік бойы және тегін көмек береді.
Бұл нөмір отбасындағы зорлық-зомбылық пен балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселелеріне арналған.
Жалпы, "111" – "Amanat" шұғыл қызметі партия бастамасымен осыдан үш жыл бұрын жүзеге асып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген жоба. Оның мақсаты тұрмыстық өткір мәселелердің алдын алу болатын. Осы уақыт аралығында жылдам желі 40 мыңнан астам отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетті.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары аясында 40 жыл бұрын дәріс алған ұстазымен кездесті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Президент Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті.
“40 жылдан кейін білім алған университетіме келіп, өзіңізді аман-сау көргеніме өте қуаныштымын. Мен сіздің еңбекқорлығыңызды, табандылығыңыз бен ерік-жігеріңізді ерекше бағалаймын. Сіздің шәкірттерге берген біліміңізге баға жетпейді. Мұның бәрі сіздің кәсібилігіңізді, ыждағаттылығыңызды және өз ісіңізге деген адалдығыңызды көрсетеді. Құрметті демалыста екеніңізді білемін. Соған қарамастан, университеттің қоғамдық өміріне атсалысуды жалғастырып, мәдениетаралық байланыстардың дамуына зор үлес қосып жүрсіз”, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Лю Шициньге алғыс айтып, оған зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі. Мұнан соң Мемлекет басшысына университетте оқыған кезіндегі өзінің архив құжаттарын көрсетті.
Іс-шара соңында Президент Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Казгидромет биыл қыс жылы болатынын болжап отыр. Синоптиктер дерегіне сүйенсек, қарашада жылы және аязды күндер алма-кезек ауысып отырады, ай бойы жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, екпінді жел соғады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
"Алдағы қыста Қазақстан аумағында температуралық фон климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтіліп отыр, тек желтоқсан айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шегінде болады деп болжанды, ал Қазақстан Республикасының солтүстігі мен шығысында нормадан 1 градусқа төмен болады", - делінген ақпаратта.
Синоптиктер биыл қыс 2001-2002 жылғыдай болады деп болжап отыр, яғни күн жылы әрі жауын-шашын нормаға жақын не одан жоғары болады.
Ал наурызда Қазақстанда ауаның орташа айлық температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болады, жауын-шашын мөлшері де еліміздің басым бөлігінде нормадан жоғары болады деп болжанған.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Қытай елінің басшысы Қазақстан Президентін Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде қарсы алды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Ақордаға сілтеме жасап.
Мәртебелі мейманның келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Содан кейін мемлекеттер басшылары өз делегацияларымен бірге Үлкен шығыс залында келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің “Бір белдеу, бір жол” халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алып, Қытайға тағы да сапармен келгенін атап өтті.
“Қазақстан Сіздің осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді және оны ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде Сіздің осы бастама туралы айтқаныңыз есімізде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді осы мегажобаны жүзеге асыру барысында керемет нәтижеге қол жеткізуіңізбен құттықтаймын және айтулы шараның табысты өтуіне тілектестік білдіремін. Сондай-ақ Сізді Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен құттықтаймын. Біз Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз. Сіздің дана басшылығыңызбен Қытай әлемдік жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына жетуге батыл қадам жасап келеді”, – деді Президент.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты. Ашылу рәсіміне ҚХР білім министрінің орынбасары Ван Гуанянь, университеттің Партия комитетінің хатшысы Ни Хайдун, ректоры Дуан Пэн және Мемлекет басшысына сабақ берген университет профессоры Лю Шицинь, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры, мүсін авторы У Вэйшань болды.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы H тобында сырт алаңда Даниямен ойнады. Бірақ бұл жолы ел футболшылары сенсация жасай алмады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Prosports.kz-ке сілтеме жасап.
Данияда өткен ойында біздің футболшылар 3:1 есебімен жеңіліс тапты. Қарсылас команданың соққан үш голына Ян Вороговский дәл соққысымен жауап қатты.
Яғни ел футболшылары екінші таймда бір гол соқты, бірақ іріктеу кезеңіндегі төртінші рет жеңіліске ұшырады.
Голдар:36 мин. Йонас Винд (1:0);45+2 мин. Роберт Сков (2:0);48 мин. Роберт Сков (3:0);58 мин. Ян Вороговский (3:1).
Қазақстан 12 ұпаймен H тобында төртінші орында тұр, көшбасшы Дания мен Словениядан үш және төрт ұпайға қалып келеді.
Келесі ойын 17 қазан күні Хельсинки қаласында Финляндияға қарсы өтеді.

- Информация о материале
- Категория: Жаңалықтар
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Отандасымыз германиялық Винченцо Гуальтериді жеңіп, орта салмақта WBO IBF белбеулерін иеленді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
12 раундқа жоспарланған бокс кеші АҚШ-тың Розенбергте қаласында өтті. Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF белбеуінің иегері, неміс боксшысы Винченцо Гуальтиеримен жұдырықтасты. Кездесуді белсенді бастаған отандасымыз Гуальтиериді алтыншы раундта тоқтатты. Жекпе-жек техникалық нокаутпен аяқталды.
Осылайша, Әлімханұлы Қазақстанның бокс тарихындағы біріккен жекпе-жектен кейін екі чемпиондық белбеудің иегері атанған екінші боксшы болып отыр. Жәнібектің еншісінде 15 жеңіс бар, ол оның 10-ын нокаутпен жеңген.
Көп ұзамай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың кәсіби боксшысы Жәнібек Әлімханұлын WBO және IBF тұжырымдарынан әлем чемпионы атағы үшін германиялық Винченцо Гуальтьеримен өткен жекпе-жектегі жарқын жеңісімен құттықтады.
“Жәнібек қазақ бокс мектебінің жоғары деңгейі мен мықтылығын әлемге тағы да паш етті. Бұл жеңіс бокспен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандырады. Сізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Жеңістен жеңіске жете беріңіз!» - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
Еще материалы
Страница 53 из 68
Alatau News, Copyright 2023, All Rights Reserved.